Ақтаулық құрылысшылар референдумге барады
Өңірлік коалиция мүшелері «Оңдасын строй» ұжымымен кездесу өткізді. Ұжым қызметкерлері жаңа Конституцияны қолдайтындарын білдірді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Кездесуге коалиция мүшелері Гүлназ Кожербаева, Нұрлыбек Карабалин, Нұрбол Қаржаубайұлы және Рашид Төлеуғалиев қатысып, Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін өзгерістерге қатысты құқықтық негіздер, олардың қабылдану тәртібі және кезең-кезеңімен жүзеге асырылу жоспары кеңінен түсіндірілді. Коалиция мүшелері ұсынылған түзетулердің заңнамалық негіздеріне тоқталып, олардың елдің саяси жүйесін жетілдіруге бағытталғанын атап өтті. Ұсынылып отырған жаңашылдықтар Қазақстанның одан әрі дамуына, әділетті әрі ашық қоғам қалыптастыруға негіз болатыны жеткізілді. Сонымен қатар, әрбір азаматтың ел болашағына жауапкершілікпен қарап, жүзеге асырылып жатқан реформаларға белсенді қатысуы қажеттігі айтылды.
- «Оңдасын Строй» ұжымымен кездесу ауқымды әрі мазмұнды өтті. Жиын барысында қызметкерлер белсенділік танытып, өз ой-пікірлерін ашық білдірді. Ұжым ішінен белсенділік танытқан қызметкерлер де болды. Бұл мекемеге келудегі негізгі мақсатымыз – туындаған сұрақтар мен түсінбеушіліктерге нақты жауап беріп, конституциялық өзгерістердің мәні мен маңызын кеңінен түсіндіру болды. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар көкейлеріндегі сауалдарға толыққанды жауап алды», - дейді коалиция мүшесі Рашид Төлеуғалиев.
Жиын соңында қатысушылар алдағы 15 наурыз күні өтетін референдумға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасайтындарын жеткізді.