Ақтауда өткен ауқымды сенбілікке 2 мыңнан астам адам қатысты
OTPANNEWS.KZ. – Ақтауда 10 қазан күні «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық шарасы Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен Ақтау қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Облыс бойынша сенбілікке 2 мыңнан астам адам қатысты. Олардың қатарында эковолонтерлер, азаматтық қоғам өкілдері мен мемлекеттік мекемелерге қарасты ұйымдардың қызметкерлері бар. Қатысушылар белгіленген аумақты қоқыстан тазартып, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға үлес қосты.
Маңғыстау облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсел Балманованың айтуынша, жыл басынан бері экологиялық акцияларға тұрақты қатысып жүрген азаматтар қатары қалыптасқан.
Жыл басынан бері сенбіліктерге тұрақты қатысып жүрген эковолонтерлеріміз, азаматтық қоғам өкілдері мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері бар. Бұл тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлығы артып, экологиялық сананың қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Экологиялық іс-шара қазан айының соңына дейін жалғасады. Сенбілік барысында жиналған қатты тұрмыстық қалдықтарды «Таза Ақтау» коммуналдық мекемесі толықтай шығаруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ белгіленген аумақтың шекарасына дейін тазарту жұмыстары жүргізіледі, - деді Әсел Балманова.