Ақтауда халықаралық «Каспий ойындары – 2026» аяқталды
OTPANNEWS.KZ. - Ақтауда 5–9 қазан аралығында өткен VIII халықаралық «Каспий ойындары – 2026» спорттық жарысы өз мәресіне жетті. Ойындарды өткізуді Каспий маңы елдері университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтары қауымдастығы және Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Yessenov University базасында ұйымдастырылған додаға Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстанның жоғары оқу орындарынан жиналған студенттер қатысты.
Халықаралық студенттік жарыстың мақсаты – жастар арасында спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және Каспий маңы елдерінің жастары арасындағы достық байланысты нығайту.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер жеке, командалық және жалпыкомандалық есеп бойынша анықталды. Үздік нәтиже көрсеткен спортшылар дипломдармен және медальдармен, ал үздік командалар кубоктармен марапатталды.
Дене тәрбиесі және спорт кафедрасының меңгерушісі Балғабай Мендалиевтің айтуынша, «Каспий ойындары» студенттер арасындағы спорттық байланысты нығайтып, жоғары оқу орындары командаларының өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді.
Жарыс өте тартысты өтті. Додаға қатысқан 500-ге жуық студент өздерінің спорттық шеберлігі мен командалық бірлігін көрсетті. Әр команда жеңіске жету үшін бар күшін салды. Мұндай халықаралық жарыстар студенттердің спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, әртүрлі елдердің жоғары оқу орындары арасындағы достық қарым-қатынасты дамытуға да ықпал етеді, - деді Балғабай Мендалиев.
Жарыс қорытындысында Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті жалпыкомандалық есепте I орынға ие болды. Дағыстан мемлекеттік университеті II орын, Астрахань мемлекеттік техникалық университеті III орынға ие болды.