Otpan News Logo

Ақтауда ЮНИСЕФ-тің Жастар хабы ашылды

|
27.02.2026 14:42
Ақтауда ЮНИСЕФ-тің Жастар хабы ашылды

«Yessenov University» университетінде ЮНИСЕФ-тің Жастар хабының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.


Салтанатты шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Рашед Мұстафа Сарвар, Yessenov University президенті Берік Ахметов қатысты. Бұл жаңа кеңістік өңір жастары арасында еріктілікті, әлеуметтік бастамалар мен көшбасшылық қасиеттерді дамытудың орталығына айналмақ.


Жобаның басты мақсаты – жастарға интеллектуалды волонтерлікті үйрету. Интеллектуалды волонтерлік – бұл білім алу және алған білімді қоғамға тарату. Жоба аясында қатысушылар балалар құқықтарын қорғау, экология және менталдық денсаулық тақырыптары бойынша білім алады. 2026 жылы Маңғыстау еріктілері хабтың физикалық кеңістігіне ғана емес, сонымен қатар жастар бастамаларын ауқымды етуге арналған онлайн-курстар, геймификация элементтері және апталық челлендждерді қамтитын UNICEF Zhastary ұлттық цифрлық платформасына да қол жеткізеді.


«Бұл хаб — Маңғыстау жастары үшін мүмкіндіктер мекені. Мұнда олар білім алып, өз бастамаларын әзірлей алады және балалардың өмірін шынайы жақсартуға бағытталған жобалармен жұмыс істей алады», — деп атап өтті Рашед Мұстафа Сарвар.


Маңғыстау облысы еріктілікті дамытуда қазіргі таңда жоғары белсенділік танытып отыр. Соңғы алты айда Ақтау мен Жаңаөзенде оннан астам бастама жүзеге асырылып, мектептер мен университеттерде қоғамдық шаралар мен кездесулер ұйымдастырылды. Бұл игі іске 10 000-нан астам жастар қатысты.


«Университетіміз үшін ЮНИСЕФ Жастар хабының алаңына айналу — үлкен мәртебе. Бұл кеңістік студенттеріміз бен бүкіл өңір жастарының өсіп-өркендеу нүктесі болатынына сенімдіміз. Университет волонтерлердің бастамаларын қолдап, олардың кәсіби және тұлғалық дамуына қажетті жағдай жасауға әзір», - деді Берік Ахметов.


ЮНИСЕФ Халықаралық волонтерлер жылының Ұлттық жоспары аясында өңірлік жобаларды қолдауға, сондай-ақ әкімдік, университеттер, бизнес және жастар ұйымдарымен серіктестікті кеңейтуге дайын екенін растады.

291
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!