2026 жылға арналған еңбек қатынастары мен әлеуметтік қорғау басымдықтары министрлік алқа отырысында белгіленді
Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың қатысуымен кеңейтілген алқа отырысы өткізілді.
Жиында Министрлік пен оның құрылымдық бөлімшелерінің 2025 жылы атқарған жұмыстары жан-жақты қорытындыланып, қол жеткізілген негізгі нәтижелер мен көрсеткіштер талқыланды. Атап айтқанда, еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестікті дамыту және еңбек қауіпсіздігін күшейту бағытында атқарылған жұмыстарға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар анықталған кемшіліктер мен оларды жою тетіктері сараланып, жүйелі шаралар қабылдау қажеттігі атап өтілді.
Сондай-ақ 2026 жылға арналған стратегиялық міндеттер пысықталып, қызметтің басым бағыттары айқындалды. Алдағы кезеңде еңбек қатынастарын цифрландыруды одан әрі жетілдіру, бақылау-қадағалау қызметінің тиімділігін арттыру, тәуекелге бағдарланған тәсілді кеңінен енгізу, еңбек қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру және әлеуметтік әріптестік институттарын дамыту негізгі басымдықтар ретінде белгіленді.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті ұйымдастырған панельдік сессия барысында комитет пен оның аумақтық департаменттерінің 2026 жылға арналған нақты іс-шаралары қосымша талқыланды. Биыл комитет тарапынан аумақтық департаменттердің жұмыс жоспары кешенді түрде әзірленіп, нақты индикаторлар мен мерзімдер белгілене отырып бекітілді. Бұл өз кезегінде жұмыстың ашықтығын, есептілігін және нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бекітілген жоспарға сәйкес еңбек инспекциясы департаменттерінің басым бағыттарының бірі – бірыңғай цифрлық платформаны кезең-кезеңімен енгізу. Бұл платформа еңбек шарттарын тіркеу, ұжымдық шарттарды цифрландыру, жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын бақылау және кәсіптік тәуекелдерді бағалау процестерін автоматтандыруға бағытталады. Сонымен қатар профилактикалық бақылауды күшейту, еңбек шарттарының бірыңғай ақпараттық жүйеге толық әрі уақтылы енгізілуін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын табады.
Алдағы кезеңде өңірлік департаменттердің өзара тәжірибе алмасуын жолға қою, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, түсіндіру жұмыстарын күшейту және жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы құқықтық мәдениетті көтеру де маңызды міндеттердің бірі болмақ.
Алқа отырысында министр Асқарбек Ертаев ведомство жұмысының нәтижелерін қорытындылап, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді белгіледі.