Жаңаөзенде ауруханаға бөлінген қаржыны жымқыру ісі бойынша 3 адам қамауға алынды
Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасына күйік бөлімшесін ашуға бөлінген 223 млн теңге демеушілік қаражатты жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Агенттік мәліметінше, заңсыз әрекетке қалалық аурухана директорының орынбасары, «Жарылқау» қоғамдық қорының басшысы, Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары және өнім беруші күдікке ілінген. Қазіргі таңда үш күдікті де қамауға алынды.
2025 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ демеушілік ретінде бөлінген 223 млн теңгені «ӨзенМұнайГаз» АҚ арқылы «Жарылқау» қорына аударған. Бастапқыда сегіз түрлі медициналық жабдық сатып алу көзделгенімен, кейін шарт өзгеріп, 210 млн теңгеге небәрі екі арнайы кереует сатып алу жөнінде келісім жасалған.
Сатып алу Бірыңғай дистрибьюторды айналып өтіп, заң талаптарын бұзу арқылы жүзеге асырылған. Тергеу нұсқасы бойынша жабдық сатып алуға іс жүзінде 92 млн теңге жұмсалып, қалған қаражат үлестес кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған. «AKBS Invest» ЖШС өкілі қылмыстық жолмен келген ақшаға Астанадан пәтер сатып алып, оны үшінші тұлғаларға рәсімдеген.
Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне, соның ішінде 3 пәтерге, 2 тұрғын үйге және автокөлікке тыйым салынды. Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы бойынша лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану дерегімен тергеу басталды.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.