Otpan News Logo

Маңғыстауда жергілікті әскери басқару органдарының 35 жылдығы аталып өтті

|
11.09.2026 16:14
Маңғыстауда жергілікті әскери басқару органдарының 35 жылдығы аталып өтті

Маңғыстау облысында Жергілікті әскери басқару органдарының құрылғанына 35 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті. Жиынға Маңғыстау облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қызметкерлері мен сала ардагерлері қатысты. Салтанатты жиында жергілікті әскери басқару органдарының дамуына үлес қосқан бірқатар қызметкер мен ардагер арнайы марапаттарға ие болды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Жиында жергілікті әскери басқару органдарының ел қорғанысын қамтамасыз етудегі, азаматтарды әскери есепке алудағы және жастарды әскери қызметке даярлаудағы рөлі атап өтілді.


Маңғыстау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары, подполковник Еркін Алпанов жергілікті әскери басқару органдарының қызметі азамат пен мемлекет, сондай-ақ Қарулы Күштер арасындағы маңызды байланысты қамтамасыз ететінін айтты.


«Осы 35 жылдың ішінде қаншама жастар Отан алдындағы борышын өтеп, әскери оқу орындарына түсіп, болашақта ел тұтқасын ұстайтын азамат болып қалыптасты. Бұл бағытта Жергілікті әскери басқару органдарының атқарған жұмысы ерекше. Жастарды Отан алдындағы борышын өтеуге шақырамыз. Ел қорғанысының берік болуы - баршамызға ортақ міндет», - деді Еркін Алпанов.


Оның айтуынша, жергілікті әскери басқару органдары азаматтарды әскери есепке тіркеуден бастап, әскери қызметке қатысты барлық негізгі жұмыстарды үйлестіреді.


Қазіргі уақытта салада цифрландыру бағытындағы жұмыстар да қарқын алған. «Smart Военкомат» жобасы арқылы мемлекеттік ақпараттық ресурстардағы деректер біріктіріліп, әскери есепке алу және әскерге шақыру үдерістерін автоматтандыру көзделген.


Ал E-Medосмотр жүйесі әскерге шақырылушыларды медициналық куәландыру рәсімін цифрлық форматқа көшірді. Сондай-ақ 17 жасқа толған азаматтарды әскери есепке қою, кейінге қалдыру, әскери қызметтен босату және тіркелген мекенжайы бойынша есепке алу рәсімдері автоматтандырылған. Әскери есепке қатысты ақпарат азаматтардың eGov жүйесіндегі жеке кабинетінде қолжетімді.


Цифрландыру әскери басқару органдарының жұмысын ғана емес, әскери қызметтің мүмкіндіктерін де кеңейтуде. Бүгінде сарбаздар әскери қызмет барысында азаматтық өмірде сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын меңгеруге мүмкіндік алады. Сонымен қатар оларға мемлекеттік грант арқылы жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігі қарастырылған.


Алдағы уақытта әскери қызметшілерді ынталандыру бағытында «Сарбаз плюс» пилоттық жобасын іске қосу жоспарланған. Жоба аясында әрбір әскери қызметшінің жеке цифрлық профилі жасалып, онда оның қызмет нәтижелері, жетістіктері мен рейтингі көрсетіледі.


Маңғыстау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Қасымхан Құрманғалиұлы жергілікті әскери басқару органдарының негізгі міндеттерінің бірі әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды есепке алып, оларды әскери қызметке даярлау екенін атап өтті. 


«Жергілікті әскери басқару органдары әскери міндеттілер мен әскерге шақырылатын азаматтарды есепке алып, оларды даярлау бағытында маңызды жұмыстар атқарады. Бүгінде күзгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Қазіргі уақытта азаматтарды Қарулы Күштердің тиісті әскери бөлімдеріне, соның ішінде Шекара қызметі мен Ұлттық ұлан қатарына шақыру жұмыстары жүргізілуде», – деді Қасымхан Мединаев. 


Жергілікті әскери басқару органдары тәуелсіз Қазақстанмен бірге 35 жылдық даму жолынан өтті. Бүгінде бұл құрылым азамат, мемлекет және Қарулы Күштер арасындағы байланысты қамтамасыз етіп, елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға үлес қосып келеді.

50
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!