Маңғыстауда энергетика саласындағы инвестициялық жобалар таныстырылды
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Іс-шараның басты мақсаты – табиғи монополия субъектілерінің нысандарымен танысып, өңірдегі энергетикалық инфрақұрылымның жай-күйі мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы БАҚ өкілдеріне жан-жақты ақпарат беру.
Баспасөз туры аясында «Маңғыстау өңірлік электр желілері компаниясы» АҚ нысандарын аралап, Ақтау машина жасау зауыты өндірістік аумағындағы ПС-110/6кв «РМЗ» және Мұнайлы ауданында орналасқан ПС-110/6кв «Н-2» қосалқы станцияларының жұмысы көрсетілді. Сапар барысында кәсіпорынның электр желілері мен жабдықтарының қазіргі жағдайы, тозу деңгейі, сондай-ақ даму перспективалары кеңінен сөз болды.
Жиында кәсіпорынның инвестициялық бағдарламаларының көрсеткіштері жарияланды.
«2024-2025 жылдары субъектінің инвестициялық бағдарламасы 102 пайызға, яғни 5 миллиард 292 млн теңгеге орындалды. Ал 2025-2026 жылдары бұл көрсеткіш 101 пайызды құрап, 6 миллиард теңгеге орындалды. Бағдарламаны іске асырудың қалған мерзіміне де нақты көрсеткіштер бекітілген. Мәселен, 2026-2027 жылдарға – 7,034 миллиард теңге, 2027-2028 жылдарға – 8,607 миллиард теңге, ал 2028-2029 жылдарға 9,306 миллиард теңге қарастырылған»,- деді Басқарма төрағасының даму және қамтамасыз ету бойынша орынбасары Мұрат Иманов.
Жиын соңында инвестициялық бағдарламалардың іске асыру барысы қанағаттанарлық деңгейде екені атап өтілді. Бұдан бөлек алдағы уақытта қаржыны игерумен қатар тиімділік көрсеткіштерін арттыру, тозу деңгейін төмендету және электр энергиясының ысырабын азайту бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды.