Отбасы – бұл сөйлесетін, ортақ мәмілеге келетін және бір-бірін қолдайтын жер
Қоғам тұрақтылығының басты тірегі – отбасы институтын нығайту, әлеуметтік жағынан осал топтарға жан-жақты көмек көрсету және әрбір азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы бағыттағы жұмыстар Ақтау қаласында «Жанұя» отбасын қолдау орталығымен жүйелі түрде жүзеге асырып келеді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Ақтау қаласы әкімдігінің 2021 жылғы қаулысымен құрылған орталық алғашында көпбалалы, толық емес, аз қамтылған және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсетті. Ал 2024 жылдан бастап оның міндеттері едәуір кеңейтілді. Қазіргі таңда мекеме мемлекеттік отбасы саясатын іске асырып, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға жан-жақты көмек көрсету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және әлеуметтік-құқықтық, психологиялық кеңес беру бағыттары бойынша жұмыс жүргізеді.
«Қалада өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды ерте анықтау және қолдау көрсету үшін арнайы мобильдік топ жасақталған. Бұл жұмысты сапалы түрде жетілдіру мақсатында «FSM Social» цифрлық платформасы енгізіліп, бүгінгі таңда бұл жүйе арқылы 484 мобильдік топ мүшесі жұмыс істеп тұр. Мобильдік топтың құрамына жергілікті полиция, пробация қызметкерлері, әлеуметтік педагогтар, емхана медбикелері, мансап орталығы мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары кіріп, тығыз байланыста қызмет көрсетеді»,- дейді «Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры Назила Қаржаубаева.
Орталық тарапынан азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және жастарды тәрбиелеу мақсатында жыл басынан бері түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, құқық қорғау органдарымен бірлескен «Заң мен тәртіп: құқықтарды қорғаудың тиімді тетіктері» семинар-тренингтері, «STOP STALKING» кездесулері, сондай-ақ «Мектепке жол» қайырымдылық акциялары мен Отбасы күніне арнайы ұйымдастырылған «Дені сау ұрпақ – бірге өсеміз» атты шаралар тұрғындардың үлкен қолдауына ие болды.
«Жыл басынан бері орталыққа түрлі мәселелер бойынша 1144 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 748 азамат әлеуметтік, 335 адам психологиялық және 61 тұрғын заңгерлік кеңес алды. Сондай-ақ «FSM Social» платформасы арқылы 221 сигнал түсіп, бүгінде орталықтың тікелей сүйемелдеуінде 11 отбасы бақылауға алынды»,- деді «Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры Назила Қаржаубаева.
Ақтау қаласындағы бұл игі бастамалар қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайтып, қиын жағдайға тап болған жандарға дер кезінде көмек қолын созудың тиімді тетігіне айналып отыр. Мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысы алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.