Ақтауда IT саласындағы жаңа жобалар таныстырылды
Ақтауда IT саласының мамандары, кәсіпкерлер, стартап өкілдері мен технологияға қызығушылығы бар жастардың басын қосқан IT Community Day өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Mangystau Hub алаңында өткен кездесуде IT-бизнесті дамыту, стартаптарды қаржыландыру және инвестиция тарту мүмкіндіктері сөз болды.
Жиынға Astana Hub қаржыландыру бағдарламалары кеңсесінің аға менеджері Акежан Чайжунусов қатысып, технологиялық жобаларға қаржы тартудың жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ IT мамандарына арналған «Тех Орда» бағдарламасының мүмкіндіктерін таныстырды.
Кездесуде жергілікті кәсіпкер Алтын Аулиехан да өз тәжірибесімен бөлісті. Ол бизнесті бастау кезінде ескерілетін мәселелер мен кәсіпті дамытудағы практикалық қадамдар туралы айтып берді.
Іс-шарада Маңғыстауда әзірленіп жатқан үш стартап – Menti AI, Qamal HR және Synapp жобалары таныстырылды. Жоба авторлары өз өнімдерінің қалай жұмыс істейтінін, қандай мәселелерді шешетінін және алдағы жоспарларын көрсетті.
Мәселен Qamal HR жобасының авторлары қосымша арқылы жұмыс іздеуші бос жұмыс орындарын қарап, жеке мәліметтерін бір рет енгізіп сақтай алатынын айтады. Ал жұмыс берушілер қажетті мамандарды платформа арқылы іздейді.
«HR саласында Qamal атты мобильді қосымша әзірледік. Жұмыс іздеуші өзіне қажетті бос жұмыс орындарын тауып, жеке мәліметтерін сақтай алады. Ал кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер платформаға тіркеліп, қажетті маманды іздейді. Осылайша екі тараптың бір-бірін табуы жеңілдейді», – деді Qamal HR қосымшасының негізін қалаушылардың бірі Назкен Ибраева.
Кездесу соңында қатысушылар пікір алмасып, кәсіби байланыс орнатты. Сондай-ақ жергілікті IT жобаларды дамыту және бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндіктерін талқылады.