Otpan News Logo

Маңғыстауда 40 жылдан бері кездеспеген сирек құс табиғатқа жіберілді

Маңғыстауда 40 жылдан бері кездеспеген сирек құс табиғатқа жіберілді

Маңғыстау облысында Қызыл кітапқа енген сұлтанқұс емделіп, табиғи ортасына қайта жіберілді. Сирек кездесетін бұл құсты мамандар өңірде соңғы рет шамамен 40 жыл бұрын көрген, деп хабарлайды otpannews.kz.


Құсты тамыз айында Ақтау маңындағы Рауан тұрғын үй алабының тұрғындары тауып алған еді. Кейін «Umit Mangistau» қорының өкілдері құсты ветеринарларға жеткізген.


Тексеру кезінде сұлтанқұстың иығы шығып кеткенін анықтаған. Мамандар оны алдымен карантинге орналастырып, кейін кең вольерде үш апта бойы бақылауда ұстаған.


«Бақылау рентгені иығының толық жазылғанын көрсетті. Ол өздігінен қоректеніп, еркін қозғала бастағаннан кейін табиғатқа жіберу туралы шешім қабылдадық. Сұлтанқұс – сулы-батпақты жерді мекендейтін, ұзаққа ұшпай, көбіне жерде қозғалатын қоныс аударушы құс. Оны тауып, көмекке жүгінген тұрғындарға алғысымыз шексіз», – деді ветеринар-орнитолог Алина Шарипова.


Құстың Рауан ауылына қалай келгені және жарақат алу себебі белгісіз. Сарапшылар бұл ересек құс емес деп отыр.


Жалпы, оңалту орталығы ашылғалы мұнда 12 жабайы құс жеткізілген. Олардың қатарында бүркіт, күйкентай, қарабай және қыранбала бар. Жарақатынан айыққан қарабай мен сұлтанқұс табиғатқа жіберілген. Ал қыранбала қазір Қарағанды хайуанаттар бағында. Жаңаөзенде мұнай өнімдерінен зардап шеккен күйкентай әлі ем қабылдап жатыр.


Орнитологтардың айтуынша, емделген құстардың түрі мен тіршілік ортасы ескеріліп, мүмкіндігінше өздері табылған аумаққа жақын жерге жіберіледі.

50
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!