Otpan News Logo

Жаңаөзенде «Ana serpini» жобасы басталды

|
13.02.2026 10:36
Жаңаөзенде «Ana serpini» жобасы басталды

Жаңаөзен қаласында облыстық «Ana serpini» әлеуметтік жобасының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.


Жоба «AMANAT» партиясы филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі Пәния Сармурзина мен экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі кеңестің төрағасы Раушан Аймурзаеваның бастамасымен, сондай-ақ Жаңаөзен қалалық партия филиалы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен жүзеге асады.


Іс-шараға Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбаев пен қалалық мәслихат төрағасы Ғалым Байжанов, сондай-ақ кәсіпкер әйелдер, сала мамандары мен қоғам белсенділері қатысты.


Жоба мақсаты – әйелдер мен аналардың кәсіпкерлік әлеуетін арттыру, олардың бизнес бастамаларын қолдау, жаңа идеяларға серпін беру және өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қолайлы жағдай жасау.



«AMANAT» партиясы филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі Пәния Сармурзинаның айтуынша, «Ana serpini» жобасын өткен жылы Раушан Нұрғалиқызы мен өңірдің іскер, кәсіпкер әйелдері бірлесіп жүзеге асырды.


- Бұл жоба «AMANAT» партиясының қолдауымен іске асып, аналарды қолдауға, олардың әлеуетін арттыруға және отбасылық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған маңызды бастамаға айналды. Нәтижесінде облысымызда ондаған ана өз кәсібін ашып, дамытып, алғашқы табыстарына қол жеткізді және кәсіптерін табысты түрде жалғастырып келеді. Енді жоба «AMANAT» партиясының қолдауымен Жаңаөзен қаласында жалғасады. Жобаны партияның Жаңаөзен қалалық филиалы Әйелдер қанатының жетекшісі, кәсіпкерлік пен әлеуметтік жобаларды дамытуда тәжірибесі мол, кәсіби шеберлігі мен адал еңбегі арқылы қатысушыларға шабыт беретін лидер, педагог, аяулы ана, асыл әже Тілектес Аманқосқызы жүргізеді. Бұл іс-шара әйел кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асып отыр. Сондай-ақ, жобаны телевизиялық форматта көрермен назарына ұсыну жоспарланып отыр, - деді Пәния Сармурзина.


Сонымен қатар, Пәния Сармурзина жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбаевқа алғыс білдірді.


Айта кетейік, жоба аясында қатысушылар арнайы білім және психологиялық көмек алады. Қатысушыларға бизнес саласында жүрген белгілі кәсіпкер мамандар ментор болады. Сондай-ақ әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктері туралы айтылады. Жоба қаржысыз, «балық берме, қармақ бер» принципінде іске аспақ.

188
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!