Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин қалдықты қайта өңдеу мәселесін көтерді
6 қаңтар күні Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесіндегі өзекті мәселелерді зерделеу мақсатында Баянды ауылындағы тұрмыстық қалдықтар полигонына барды, - деп хабарлайды otpannews.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта полигонға келіп түсетін қалдықтардың шамамен 40 пайызы жеке кәсіпкерлердің қатысуымен престеліп, қайта өңдеуге жөнелтілуде. Алайда депутат бұл шаралар мәжбүрлі сипатта екенін және толыққанды қайта өңдеу жүйесін алмастыра алмайтынын атап өтті.
Баянды полигоны Мұнайлы ауданының ғана емес, Ақтау қаласынан, сондай-ақ Түпқараған ауданының бірқатар елді мекенінен шығатын қоқысты қабылдап отыр. Бұл жағдай өңірде қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымының жеткіліксіз екенін көрсетеді. Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитетінің төрағасы, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жанбыршиннің айтуынша, депутаттардың бастамасымен экология саласына қатысты заңнамалық түзетулер әзірленіп жатыр.
– Жаңа заң жобасы қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге, қайта өңдеуге экономикалық ынталандыру тетіктерін енгізуге және кәдеге жарату төлеміне қатысты қолданыстағы тәсілдерді қайта қарауға бағытталған. Экология – абстрактілі ұғым емес. Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында тазалық ұлттық менталитеттің өзегіне айналуы тиіс екенін атап өткен болатын. Осыған байланысты партия экология мәселесіне ерекше мән беріп отыр. «Таза бейсенбі» партиялық акциясы аясында екі жылға жетпейтін уақыт ішінде еліміз бойынша 190 мың тоннадан астам қоқыс жиналды, – деді депутат Еділ Жаңбыршин.
Халық қалаулысы Маңғыстау облысында қалдықтарды басқару мәселесі өңірлік деңгейдегі ең өзекті проблемалардың бірі болып отырғанын атап өтті. Аймақтың климаттық ерекшеліктерін, құрылыс тығыздығын және көші-қон өсімін ескерсек, қоқысты сұрыптау мен қайта өңдеу жүйесін дамыту заңнамалық өзгерістермен қатар, алдын ала және жүйелі түрде орындалуы тиіс.
Айта кетейік, кеше Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин өңірдегі мәслихаттардың төрағаларымен және депутаттарымен кездесу өткізген болатын. Кездесу барысында ол Мәжілісте қабылданған және әзірленіп жатқан, азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған заңдар туралы, сондай-ақ негізгі салалар бойынша жүргізіліп жатқан талдамалық және мониторингтік жұмыстардың нәтижелері жөнінде жан-жақты баяндады.
Жиында өңірлерді дамыту, су, жылу және газбен жабдықтау жүйелерін жаңғырту, энергетикалық инфрақұрылымды, оның ішінде МАЭК-ті қолдау, экология, жер қойнауын пайдалану, азық-түлік қауіпсіздігі, денсаулық сақтау мен білім беру салаларындағы өзекті мәселелерге ерекше назар аударылды. Өз кезегінде мәслихат депутаттары мектептер мен жолдың жағдайынан бастап, тарихи мұраны сақтау мен экологиялық проблемаларға дейінгі бірқатар түйткілді мәселе көтерді. Айтылған барлық ұсыныс пен мәселе Мәжіліс депутатының жеке бақылауына алынды.