Otpan News Logo

Yessenov University оқытушылары Жаңа Конституция жобасына қатысты сараптамалық талқылау өткізді

|
12.02.2026 17:45
Yessenov University оқытушылары Жаңа Конституция жобасына қатысты сараптамалық талқылау өткізді

Ақтауда Yessenov University оқытушыларының қатысуымен Жаңа Конституция жобасына қатысты сараптамалық талқылау өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.


Кездесу кезінде жоғары оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы ұсынылып отырған өзгерістердің мазмұнын талқылап, құқықтық және әлеуметтік-экономикалық қырларына тоқталды.


Басқосуда қатысушылар конституциялық реформалардың мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, қоғамдық бақылауды күшейту және азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталғанын атап өтті. Талқылау форматында өткен жиында оқытушылар өз ұсыныстары мен кәсіби пікірлерін ортаға салды. Аталған өзгерістердің барлығы 15 наурыз күні жалпыхалықтық референдумда дауыс берген жағдайда жүзеге асады. 


Есенов университетінің менеджмент кафедрасының аға оқытушысы Ақмарал Мұратбекқызының айтуынша, жаңа өзгерістер стратегиялық басқару сапасын арттыруға ықпал етеді.


«Конституциялық жаңашылдықтар басқару мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Әсіресе ашықтық, есептілік және тиімділік қағидаттарының күшеюі - қоғам сұранысына сай қадам. Мұндай талқылаулар академиялық орта үшін де өте маңызды, - деді ол.


Сондай-ақ экономика және қаржы кафедрасының аға оқытушысы Татьяна Валерийқызы реформалардың экономикалық тұрақтылыққа әсеріне назар аударды.


«Заңнамалық негіздің жаңаруы инвестициялық климат пен қаржылық реттеу тетіктерін жетілдіруге жол ашады. Экономикалық саясаттың айқын әрі орнықты болуы - ұзақ мерзімді даму кепілі. Сондықтан ұсынылып отырған түзетулердің маңызы зор деп есептеймін», - деді ол. 


Кездесу қорытындысында қатысушылар мұндай сараптамалық форматтағы пікір алмасулар алдағы уақытта да жалғасуы тиіс екенін атап өтті.

48
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!