«Үйімнің берекесі»: Оразгүл Асанғазы отбасы құндылығы туралы айтты
Ақтауда өткен «Берекелі отбасы – берік қоғам» атты отбасылық форумда қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы отбасы құндылықтары, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық және бала тәрбиесі туралы ой бөлісті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Спикердің айтуынша, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бала тәрбиесінен басталуы керек. Ол қазақтың эпостары мен жырларын, мақал-мәтелдері мен тағылымды сөздерін жас ұрпақтың санасына сіңірудің маңызын атап өтті.
«Балам нағыз қазақ болып өссін, қызым тәрбиелі болып өссін десең, біздің эпостарымызды, жырларымызды, мақал-мәтелдерімізді, қасиетті сөздерімізді үйретуіміз керек», - деді Оразгүл Асанғазы.
Форум барысында қоғам қайраткері ерлі-зайыптылар арасындағы махаббат пен жылы қарым-қатынас отбасының берекесін арттыратынын айтты. Оның пікірінше, жұбайлар бір-біріне жақсы сөз айтып, қамқорлық пен мейірім танытуды ұмытпауы қажет.
«Әйеліңді құшақтап, маңдайынан сүйіп, «Құдай қосқан қосағым, балаларымның анасы, үйімнің берекесі» десең, ол өзінен-өзі күлімдейді», - деді спикер.
Оразгүл Асанғазы сөзінде ақын Мұхтар Шахановтың отбасылық махаббат туралы ойларын да келтіріп, шынайы сүйіспеншіліктің ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасты нығайтатынын жеткізді.
«Жұбайлар бар әңгімесі таусылған, ал махаббат – таусылмайтын ән. Отбасын берекелі, бақытты ететін – бір-біріне деген махаббат пен жылы сөз», - деді Оразгүл Асанғазы.
Ол форумға қатысушыларды отбасында мейірім мен сүйіспеншілікті сақтап, жақындарына жылы сөз айтып, бір-бірін бағалай білуге шақырды.