Маңғыстауда төрт көлік соқтығысып, екі адам қаза тапты
Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданындағы автожолда төрт көлік соқтығысып, салдарынан екі адам қаза тапты. Жол апаты 9 қыркүйек күні кешкі уақытта болған, деп хабарлайды Otpannews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, КамАЗ басқа жүк көлігін сүйреп келе жатқан. Жолда тұрған «Газельді» айналып өтпек болған сәтте көліктердің қозғалысы өзгеріп, тіркемедегі жүк көлігі «Газельге» соғылған.
Соққы салдарынан жүк көлігі жол жиегіндегі қоршауға қарай ұшып кеткен. Ал көлік пен қоршаудың арасында тұрған екі ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Полиция бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастады.
Жол апатына қатысы бар барлық көлік қазір арнайы тұрақта. Тергеу жүргізіліп, жол апатының нақты себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.