Маңғыстауда ауқымды тінту және ұстау шаралары жүргізілді
Қазақстанның бірнеше өңірінде, соның ішінде Маңғыстау облысында полиция қызметкерлері арнайы тінту және ұстау шараларын ұйымдастырды. Нәтижесінде еліміз бойынша қылмыстық топтардың 50-ден астам мүшесі анықталып, қолға түсті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
ҚР Ішкі істер министрлігінің 2026 жылғы 10 қыркүйектегі мәліметі бойынша, Астана, Өскемен қалалары мен Алматы облысында 40 млн теңге бопсалады деген күдікпен жеті адам ұсталды. Тінту барысында күдіктілерден атыс және суық қару, оқ-дәрілер, сондай-ақ бірнеше қымбат көлік табылып, тәркіленді. Ұсталғандардың үшеуі бұған дейін сотталған, олардың арасында адам өлтіргені үшін жазаға тартылғандар да бар.
Осыған ұқсас шұғыл ұстау шаралары Маңғыстау облысымен қатар Шымкент қаласында, Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Абай облыстарында жүргізілді.
"Аталған фактілер бойынша барлығы 50-ден астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Заңсыз айналымнан атыс және травматикалық қарудың 10-нан астам данасы, сондай-ақ олардың оқ-дәрілері тәркіленді. Бұдан бөлек, дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында жәбірленушілердің 77 млн теңгеден астам қаражатын иемденуге жол берілмеді", – деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Қазіргі уақытта бұл істер бойынша тергеу амалдары жалғасуда. Құқық қорғау органдары заңсыз әрекетке қатысы бар басқа да адамдарды анықтап жатыр.