Гранттар мен стипендиялар: Жастарға арналған виртуалды кеңесші іске қосылды
Мәдениет және ақпарат министрлігі жастарға арналған жасанды интеллект негізіндегі виртуалды кеңесші чат-бот әзірледі. Жаңа сервис жастарға мемлекеттік қолдау шаралары туралы қажетті ақпаратты жедел әрі қолжетімді түрде алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды otpannews.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Виртуалды кеңесші Telegram және WhatsApp мессенджерлерінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді. Жастар виртуалды кеңесші қызметін Telegram арқылы https://t.me/Jastar_AI_bot және WhatsApp арқылы https://wa.me/77714066271 чат-ботқа өту арқылы пайдалана алады.
Чат-ботта жастарды мемлекеттік қолдауға бағытталған 17 мемлекеттік бағдарлама туралы ақпарат қамтылған. Оның ішінде мемлекеттік гранттар мен стипендиялар, әлеуметтік бағдарламалар, жұмыспен қамту мүмкіндіктері, кәсіпкерлікті қолдау, психологиялық көмек және басқа да бағыттар бар.
Виртуалды кеңесші жастардың жеке сұраныстарына сәйкес қажетті ақпаратты жылдам табуға, сондай-ақ мемлекеттік қолдау тетіктері мен қолжетімді мүмкіндіктер туралы мәлімет алуға мүмкіндік береді.
Чат-ботты өңірлердегі жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында оны жастар ресурстық орталықтарының, жастар ұйымдарының және жастармен жұмыс істейтін өзге де ұйымдардың ақпараттық ресурстарында орналастыру ұсынылады. Сонымен қатар жастарға арналған іс-шаралар мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында белсенді қолдануға болады.