Оразгүл Асанғазы Ақтауда өткен отбасылық форумда ұлттық құндылықтар туралы айтты
Ақтау қаласында «Берекелі отбасы – берік қоғам» атты отбасылық форум өтті. Жиында қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы спикер ретінде сөз сөйлеп, берекелі отбасы, ұлттық бірегейлік, қазақ тілінің мәртебесі және ұрпақ тәрбиесінің маңызы туралы ой бөлісті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Спикер өз сөзінде елдің болашағы ең алдымен отбасындағы тәрбие мен ынтымаққа байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, берік әрі берекелі отбасында елін, халқын ойлайтын, ұлттық мүддеге қызмет ететін ұрпақ қалыптасады.
«Берекелі, берік отбасында елін ойлайтын, халқын ойлайтын, өзін емес, ұлтына іс істей алатын перзент өседі. Әлемде еліміз мәңгі жасауы үшін әрбір отбасы берік, берекелі, ынтымақты болу керек», - деді Оразгүл Асанғазы.
Сондай-ақ ол Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ халқының демографиялық өсіміне тоқталып, ұлттық мемлекеттілікті сақтау мен оны одан әрі нығайтудың маңызын айтты. Оразгүл Асанғазының пікірінше, ата-бабадан қалған жер мен мемлекеттің болашағына қазіргі ұрпақ жауапты.
Форум барысында қоғам қайраткері қазақ тілінің қоғамды біріктірудегі рөліне де ерекше тоқталды.
«Бүкіл Қазақстан халқын кімнің айналасына бірігуіміз керек? Қай тілдің айналасына бірігуіміз керек? Қазақ тілінің айналасына бірігуіміз керек. Жеті жұрттың тілін біліңдер, бірақ сенің ойлайтын, сөйлейтін, жазатын тілің - қазақ тілі болуы керек», - деді ол.
Оразгүл Асанғазы тілдің ұлттың негізгі тіректерінің бірі екенін атап, жастарды бірнеше тіл меңгеруге шақырғанымен, қазақ тілінің отбасы мен қоғамдағы қолданысын күшейту қажеттігін айтты.
Сонымен қатар спикер ұлттың өркендеуі үшін ниет, білім және тәртіп қажет екенін жеткізді. Ол отбасы тәрбиесінде ұлттық салт-дәстүрді сақтай отырып, заман талабына сай құндылықтарды қалыптастыру маңызды екенін де жеткізді.
«Мұхтар Әуезов ұлттың өркендеуі үшін бірінші – ниет, екінші – күш, үшінші – тәртіп керек деген. Күш деп отырғанымыз – білім. Ғасырлардан келе жатқан салт-дәстүріміздің жақсысын сақтап, қазіргі заманға лайықты, бірақ тамырына жалғасқан отбасы болуымыз керек», - деді Оразгүл Асанғазы.
«Берекелі отбасы – берік қоғам» форумы аясында отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастар тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды.