«Берекелі отбасы – берік қоғам»: Ақтауда отбасы құндылықтары талқыланды
Ақтауда отбасы құндылықтарын дәріптеу, отбасы институтын нығайту және бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін арттыру мәселелеріне арналған «Берекелі отбасы – берік қоғам» атты форум өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Аталған іс-шара Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің әлеуметтік тапсырысы аясында «Шаңырақ» қоғамдық қорының және Маңғыстау облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен ұйымдастырылды.
Бұл форумға қала тұрғындары, комиссия мүшелері, ата-аналар қауымдастығы, мемлекеттік орган өкілдері, көпбалалы аналар, студенттер мен жоғары сынып оқушылары шақырылды.
Іс-шараның ашылу салтанатында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы, Маңғыстау облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Әсел Балманова көпшілікті құттықтады.
«Ең бастысы – отбасында дұрыс тәрбие алған, отаншылдық қасиеті жоғары, білімге құштар, адамгершілігі мол, адамсүйгіш азамат қалыптастыру. Балаларға берген тәрбиеміз арқылы адал азамат тәрбиелейміз. Ал адал азамат – қазіргі қоғамның ең негізгі кірпіші. Сондықтан осы форумның маңызы зор. Астана мен Алматы қалаларынан арнайы келген қонақтарымызға алғысымызды білдіреміз. Форум мазмұнды, тағылымды әрі пайдалы өтсін», - деді Әсел Балманова.
Форумды белгілі журналист, «Шаңырақ» қоғамдық қорының директоры, Маңғыстау облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Лаура Тындырғанова жүргізді.
«Бүгінгі форумның негізгі мақсаты – қазіргі қоғамдағы және отбасы институтындағы өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарын бірге талқылау. Отбасы – қоғамның негізі. Сондықтан берекелі отбасы қалыптастыру, бала тәрбиесі, ата-ана жауапкершілігі, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас сияқты мәселелерді ашық талқылаудың маңызы зор. Біз форум барысында қатысушыларды толғандыратын сұрақтарға жауап беріп, тәжірибелі мамандардың кеңесін ұсынып, отбасы құндылықтарын дәріптеуді мақсат етіп отырмыз», - деді Лаура Тындырғанова.
Форум аясында мемлекет және қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазықызы «Отбасы берекесі» тақырыбында сөз қозғады. Ал психолог, отбасы құндылықтарын зерттеуші Ақмарал Орынбаева ерлі-зайыптылар арасындағы салауатты қарым-қатынасты қалыптастырудың маңызын түсіндірді.
«Шаңырақ» тәрбиелік жобасының және «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» кітабының авторы Рыскүл Игілікова ұлттық құндылықтар мен заманауи отбасы мәселесін талқыласа, Ф. Оңғарсынова атындағы №29 мектеп-гимназиясының мұғалімі, «Құтты білік» оқу орталығының жетекшісі Мәулен Дүмбаев әке институтын нығайту тақырыбына тоқталды.
Форумның тағы бір маңызды бағыты – ерекше баланың жанындағы ата-анаға психологиялық қолдау көрсету. Психолог, психоаналитик, психология ғылымдарының магистрі Милана Елеусінова ерекше білім беруді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарды қолдау, баланы қоғамға бейімдеу және ата-аналардың психологиялық жағдайына көңіл бөлудің маңызын атап өтті.
Іс-шара барысында отбасыдағы ата-ана жауапкершілігі, бала тәрбиесі, ерлі-зайыптылар арасындағы өзара түсіністік, әке беделі, буынаралық қарым-қатынас және ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау мәселелері талқыланды.
Айта кетейік, форум аясында қатысушыларға ішкі істер органдарының қызметкерлері, заңгерлер, психологтар, «Отбасы банк», «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мамандары кеңес берсе, сонымен бірге, жергілікті қолөнершілер мен кәсіпкерлердің жәрмеңкесі өтті.