Маңғыстауда оқушылардың қауіпсіздігі күшейтілген бақылауға көшті
Жаңа оқу жылы басталғалы Маңғыстау облысында оқушылардың жолдағы қауіпсіздігіне бақылау күшейтілді. Полиция қызметкерлері балалар сабаққа келіп-кететін уақытта мектеп маңындағы жаяу жүргіншілер өткелдері мен көлік қозғалысы көп көшелерде кезекшілік атқарып жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Полиция жасақтары білім беру ұйымдарының маңында күн сайын таңертең және сабақ аяқталғаннан кейін жұмыс істейді. Қызметкерлер оқушылардың жолдан қауіпсіз өтуіне көмектесіп, жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтауын қадағалайды.
Кезекшілік көлік қозғалысы ең қарқынды болатын уақыттарға қойылған. Атап айтқанда, полиция қызметкерлері сағат 07:30-дан 08:10-ға дейін, 12:30-дан 13:30-ға дейін және 18:30-дан 19:30-ға дейін мектеп маңында болады.
Полиция жүргізушілерге мектеп маңында жылдамдықты төмендетіп, жаяу жүргіншілер өткелдеріне жақындағанда барынша мұқият болуды ескертеді. Сондай-ақ көлік жүргізу кезінде телефонға алаңдамауға және жолдағы балаларға ерекше назар аударуға шақырады.