Тұзбайырда туристердің қауіпсіздігі үшін арнайы билборд орнатылды
Маңғыстаудағы көрікті туристік орындардың бірі – Тұзбайыр сорына туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы ескерту билборды орнатылды. Бұл туралы otpannews.kz сайты хабарлады.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Тұзбайырдың қайталанбас табиғаты жыл сайын Қазақстаннан және шетелден көптеген туристерді тартады. Алайда табиғи нысанның ерекшелігіне байланысты мұнда қауіпсіздік талаптарын сақтау аса маңызды.
Атап айтқанда, сордың кейбір бөліктері сырт көзге қатты әрі қауіпсіз болып көрінгенімен, автокөлікпен жүруге мүлдем жарамсыз. Мұндай аумаққа абайсызда кіріп кеткен жағдайда көлік сорға батып, қозғалыссыз қалуы мүмкін.
Осыған байланысты ақпараттық тақтайшаға туристерге арналған арнайы ескерту орналастырылды. Онда көлікпен сорлы аумақтарға кірмеу, белгіленген бағыттан ауытқымау және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігі айтылған.