Маңғыстаудың ардақты азаматы Сақып Бүркітбайұлы Керелбаевқа арнап ескерткіш тақта қойылды
Ақтау қаласында мемлекет және қоғам қайраткері, өлкетанушы Сақып Бүркітбайұлы Керелбаев тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды. Бұл іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен марқұмның жақындары жиналып, елге қызмет етудің биік үлгісін көрсеткен қайраткердің жарқын бейнесін еске алды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Сақып Бүркітбайұлы – Маңғыстаудың әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосқан, өлке тарихын зерделеп, ұрпаққа мол мұра қалдырған бірегей тұлға. Ол 1947 жылы Маңғыстау ауданының Таушық ауылында дүниеге келіп, еңбек жолын өндіріс пен ауыл шаруашылығы салаларынан бастаған. Кейінгі жылдары аудандық және облыстық деңгейдегі жауапты қызметтерде – партия комитетінің бірінші хатшысынан бастап, облыс әкімінің бірінші орынбасарына дейінгі лауазымдарда ел сенімін абыроймен ақтады.
Мемориалдық тақтаның ашылу салтанатында сөз сөйлеген замандастары мен қызметтес достары Сақып Керелбаевтың азаматтық ұстанымына ерекше тоқталды. Олар қайраткердің қай қызметте жүрсе де халықтың мұң-мұқтажын терең түсініп, мемлекеттік мәселелерге үлкен жауапкершілікпен қарағанын, сондай-ақ сөзге шешен, парасатты жан болғанын еске алды.
«Әкем халқына қызмет еткен тұлға болды. Осындай жанның ұлы болу – мен үшін үлкен мақтаныш. Әкемнің достары, замандастары мен бір жүрген жолдастары, ағайын, тумаластармен бүгін Сақып Бүркітбайұлын еске алып, есімін ұлықтауға жиналдық. Бүгін – әкемдіздің жерге түскен күні. Әкем туралы айтылған әңгімелерді, ағаларымыздың естеліктерін естіп, марқайып қалғанымыз рас. Халқымызда “Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін” деп жатады. Айтылған жылы лебіздер мен әкемнің артта қалдырған ізі әрқашан есте болары анық»,- деді Берік Сақыпұлы.
Мемориалдық тақтаны салтанатты түрде ашу рәсімі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әмин Тұяқов пен Сақып Керелбаевтың інісі Асқар Керелбаевқа тапсырылды.
Сақып Бүркітбайұлының есімі тек басқарушылық қызметімен ғана емес, қаламгерлік қарымымен де ел жадында қалды. Ол өмірінің соңғы кезеңінде «Өткен өмір өрнектері» атты ғұмырнамалық естелігін жазып, Маңғыстаудың тарихи тұлғалары мен қасиетті жерлеріне арналған құнды еңбектерді жарыққа шығарды. Бүгінде бұл еңбектер өлкетану бағытындағы баға жетпес дереккөздердің бірі саналады.
«Бұл – бір ғана тақта орнату рәсімі емес. Бұл – елге қызмет еткен азаматтың өмір жолына құрмет көрсету, оның есімін кейінгі ұрпақтың жадында сақтау және тағылымды ғұмырын жас буынға үлгі ету мақсатындағы игілікті іс», – деп атап өтті Сақып Керелбаевтың замандастары.