Ақтауда бірнеше шағынауданға апаратын жол жаңартылуда
Ақтауда инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары кестеге сай жалғасуда. Қазіргі таңда қаладағы қарқынды бағыттардың бірі – 31А, 31Б, 32А және 32Б шағын аудандарына апаратын күрежолда орташа жөндеу басталды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, қазіргі уақытта «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы ғимаратынан аталған шағынаудандардың қиылысына дейінгі аралықта жолдың ескі қабатын қырып-алу (фрезерлеу) жұмыстары жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, дайындық жұмыстары аяқталған бойда бұл учаскеге жаңа асфальт төселеді.
«Жөндеу жұмыстарының ауқымдылығына байланысты автомобиль жолының кейбір бөліктері кезең-кезеңімен уақытша жабылады»,- деп атап өтті Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Исматулла Адай.
Осыған орай, қала әкімдігінің баспасөз қызметі жүргізушілер мен қала қонақтарынан жолдағы уақытша шектеулер мен өзгерістерге сабырлық танытып, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды сұрайды. Қозғалыс кезінде мұқият болып, балама бағыттарды алдын ала жоспарлау ұсынылады.