Маңғыстау облысында әлеуметтік нысандар жылыту маусымына дайын
Еліміздің барлық өңірінде энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына кешенді дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Маңғыстауда жөндеу жұмыстарын жүргізуге 55 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бұл ретте білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала нысандарының дайындығы қазірдің өзінде 100%-ға жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлімдеді, деп хабарлайды Otpannews.kz сайты.
Жылыту маусымына дайындық аясында «МАЭК» ЖШС-нің (ЖЭО-1 және ЖЭО-2) 3 турбинасы мен 4 қазандық агрегатына күрделі жөндеу жүргізу үшін 2 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 3 қазандық агрегатын жөндеу жұмыстары толық аяқталды. 1 турбинада жұмыстар аяқталу сатысында тұр, ал 1 қазандық пен 2 турбинада жөндеу жұмыстары жалғасуда.
«МРЭК» АҚ 536 км электр желілерін жөндеуге 538 миллион теңге бөлді. Бұдан басқа, инвестициялық бағдарлама аясында жалпы құны 7 миллиард теңге болатын 7 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Бүгінгі күні жоспарланған 11,4 км жылу желісінің 7,2 шақырымы жөнделді (немесе жоспарланған көлемнің 64%-ы).
2026 жылға арналған Ұлттық жоба аясында жалпы құны 45,3 миллиард теңге болатын 5 жобаны іске асыру көзделген. Атап айтқанда, жылумен жабдықтау саласындағы үш жоба аясында Ақтау қаласының 4 және 5 шағын аудандарындағы 28,3 км жылу желісін реконструкциялауға 26 миллиард теңге бағыттау жоспарлануда.
Жылыту маусымына 321 білім беру нысаны, 105 денсаулық сақтау нысаны, 115 әлеуметтік сала нысаны және тұрғын үй қорының 97%-ы дайындалды.
Өңір толық газдандырылғандықтан, көмірге деген қажеттілік жоқ. Сонымен қатар, энергокөздердің мазут шаруашылығының резервуарларында 25 мың тонна норматив кезінде 26 мың тонна көлемінде отынның авариялық қоры бар.