Маңғыстауда жылыту маусымы алдында 1439 үй тексеріліп жатыр
Маңғыстауда 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында өрт пен газдан уланудың алдын алу жұмыстары күшейтілді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Абай Базарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Оның айтуынша, ТЖД жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, тұрғын үй секторында профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жылыту маусымы қарсаңында әлеуметтік осал топқа жататын 1439 үй есепке алынған. Қазір бұл үйлерді толық аралау жұмыстары жүргізілуде.
Мамандар тұрғындарға пеш пен жылыту қазандықтарын қауіпсіз пайдалану, электр құрылғыларын дұрыс қолдану, желіге шамадан тыс күш түсірмеу және мұржаларды уақытылы тазалау қажеттігін түсіндіруде.
Сондай-ақ жылыту қазандықтарының маңында жанғыш заттарды сақтамау және электр құралдарын қараусыз қалдырмау қажеттігі ескертілді.
ТЖД өкілдері өрт немесе басқа да төтенше жағдай болған кезде 101 немесе 112 нөміріне дереу хабарласуға шақырды.
Қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау өрттің және улы газдан уланудың алдын алып, адам өмірін қорғауға мүмкіндік береді.