Otpan News Logo

Ақтау әуежайы көлік-логистикалық хабқа айналмақ

Ақтау әуежайы көлік-логистикалық хабқа айналмақ

Қазақстанда азаматтық және жүк авиациясын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес әуежайлар жаңғыртылып, жаңа әуе бағыттары ашылып, авиацияның Транскаспий халықаралық көлік бағытына (ТХКБ) интеграциясы күшейтілуде, деп хабарлайды Otpannews.kz.


2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан әуежайлары 102,5 мың тонна жүк өңдеген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға көп. Жүктің 66,1 мың тоннасы Алматы халықаралық әуежайы арқылы өткен.


Маңғыстау үшін негізгі жобалардың бірі – Ақтау әуежайының инфрақұрылымын жаңғырту. Өңірде авиациялық, теңіз және теміржол бағыттарын өзара байланыстыру жоспарланып отыр. Бұл Ақтаудың халықаралық логистикалық тізбектегі маңызын арттыруға мүмкіндік береді.


Ақтау халықаралық әуежайында ұшу-қону жолағы мен рульдеу жолдарын қайта жаңарту аяқталған. Қазір перронға күрделі жөндеу жүргізілуде. Маусым айындағы мәлімет бойынша, жұмыстың 90%-ы орындалған. Қалған жұмыстарды 2026 жылдың III тоқсанының соңына дейін аяқтау жоспарланған.


Жаңғыртудан кейін Ақтау әуежайы «F» санатындағы әуе кемелерін қоса алғанда, ұшақтардың барлық түрін қабылдай алады. Бұл жүк және транзиттік әуе тасымалын дамытуға қосымша мүмкіндік береді.


Қазақстан бойынша соңғы үш жылда Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа терминалдар іске қосылып, олардың жалпы өткізу қабілеті жылына 3,5 млн жолаушыдан 23 млн жолаушыға дейін артқан. Сонымен қатар Кендірлі, Катонқарағай және Зайсан туристік аймақтарында жаңа әуежайлар салынуда. Оларды 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.


Жолаушылар тасымалы да өсіп келеді. 2025 жылы қазақстандық әуе компаниялары 15,4 млн жолаушы тасымалдаған. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында бұл көрсеткіш 7,4 млн адамға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңінен 2,6%-ға артқан.


«Ашық аспан» режимі аясында Қазақстанның халықаралық әуе бағыттарының желісі 30 елді байланыстыратын 135 бағытқа дейін кеңейген. Биыл Варшава, Шанхай, Гуанчжоу, Ларнака, Ұлан-Батыр және Измир бағыттары ашылды. Жыл соңына дейін Токио мен Қашғар бағыттарын іске қосу мәселесі қарастырылып жатыр.


Қазір Қазақстанның тұрақты азаматтық авиация паркінде 111 әуе кемесі бар. 2026 жылдың соңына дейін тағы алты ұшақ жеткізу жоспарланған. 2030 жылға қарай коммерциялық әуе кемелерінің санын 160-қа дейін жеткізу көзделіп отыр.


Авиация саласына маман даярлауға да басымдық берілуде. Азаматтық авиация академиясындағы мемлекеттік грант саны 2022-2023 оқу жылындағы 180-нен 2025-2026 оқу жылында 618-ге дейін өскен. Түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 90%-ға жетеді.


Қазақстанның авиация саласын 2050 жылға дейін дамыту жөніндегі Бас жоспарды әзірлеу жұмыстары қазір аяқталуға жақын.

43
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!