Otpan News Logo

Маңғыстауда «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында меморандумға қол қойылды

|
24.08.2026 23:00
Маңғыстауда «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында меморандумға қол қойылды

Маңғыстау облысында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және өскелең ұрпақтың рухани-танымдық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама қолға алынды. Өңір әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.


Құжатқа Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев пен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков қол қойды.


Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты - республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонын Маңғыстау облысында бірлесіп жүзеге асыру, кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау, кітап оқитын орта қалыптастыру және қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыру.

Бұл бастама Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту, білімге құштарлықты арттыру және зерделі ұлт қалыптастыруға бағытталған Жарлығын іске асырудың маңызды тетіктерінің бірі болмақ.


Облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев жиын барысында «Кітап оқитын ұлт» жобасының басты мақсаты халық арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, отандық әдебиетті насихаттау және зияткерлік ұлт қалыптастыруға үлес қосу екенін атап өтті.


 - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және өскелең ұрпақтың зияткерлік әлеуетін арттыруға ерекше назар аударып келеді. Себебі, бәсекеге қабілетті, шығармашыл әрі жасампаз тұлғаны тәрбиелеудің негізі – білім мен кітапта. Осы орайда бүгінгі бастаманың мақсаты айқын. Қоғамда, әсіресе халық арасында кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау, отандық әдебиет пен ағартушылық құндылықтарды дәріптеу қажет. «Кітап оқитын ұлт» жобасын Маңғыстау облысының барлық аудан-қалаларында жоғары деңгейде іске асыру жоспарда бар, - деді Аббат Өрісбаев.


Сондай-ақ «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков «Кітап оқитын ұлт» жобасының маңызына тоқталды.


- Зерделі ұлт қалыптастыру – бір күннің немесе бір жобаның міндеті емес. Бұл – қоғамның ойлау мәдениетін өзгертетін ұзақ мерзімді үдеріс. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев сынды ұлы тұлғалар дүниеге келген киелі өңірде бұл бастаманың жүзеге асуы біз үшін ерекше маңызды. Осы бағытта Маңғыстау облысымен нәтижелі әрі мазмұнды серіктестік орнайтынына сенімдіміз, – деді Бақытжан Тұрлыбеков.


Меморандум аясында кітап оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған түрлі қоғамдық-ағартушылық іс-шаралар, оқырмандық бастамалар мен марафонның өңірлік кезеңдері ұйымдастырылмақ.


Жобаны іске асыруға Қазақстан Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қорыжәне Yandex Qazaqstan компаниясы «Яндекс Кітаптар» сервисімен бірлесіп қатысуда. 


Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.

22
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!