Атырау және Шымкент мұнай өңдеу зауытында төтенше жағдай болды
Атырау және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарында бүгін өндірістік сипаттағы екі жағдай тіркелді. Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнай қалдығы тұтанса, Шымкент зауытында сыртқы электр желісіндегі кернеу күрт төмендеген, деп хабарлайды otpannews.kz.
Атырау мұнай өңдеу зауытындағы өрт толық сөндірілді. Оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ. Кәсіпорын қалыпты жұмысын жалғастырып жатыр. Қазір өрттің шығу себебі анықталуда.
Шымкент мұнай өңдеу зауытында сыртқы электр желісіндегі кернеудің күрт төмендеуінен электрмен жабдықтауда ақау болған. «ҚазМұнайГаз» мәліметінше, электр энергиясының берілуі қалпына келтірілді. Қазір мамандар технологиялық қондырғылардың бірін қайта іске қосып жатыр. Зауыттың қалған өндірістік нысандары штаттық режимде жұмыс істеуде.
Компанияның мәліметінше, бұл жағдай мұнай өнімдерін өндірудің тәуліктік көлеміне әсер етпеген. Өнімдерді жөнелту де үздіксіз жалғасып жатыр.
«ҚазМұнайГаз» мұндай жағдайлардың салдарын автоматты және апатқа қарсы қорғау жүйелері барынша азайтатынын хабарлады.