Маңғыстауда Қызыл кітапқа енген сұлтанқұс құтқарылды
Маңғыстауда сирек кездесетін сұлтанқұс мамандардың көмегіне дер кезінде жеткізілді. Қызыл кітапқа енген бұл құсты табиғатта кездестірудің өзі сирек жағдай саналады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Құс Рауан елді мекенінің маңынан табылған. Оны байқаған тұрғын «Umit Mangistau» қорына хабар берген. Қор мамандары жабайы құсқа шұғыл көмек қажет екенін ескеріп, оны бірден алып кеткен.
«Umit Mangistau» қорының жабайы жыртқыш және Қызыл кітапқа енген құстарды құтқару жобасына қатысатын ZOO LEKAR клиникасының ветеринар дәрігері, орнитолог Алина Шарипованың айтуынша, сұлтанқұс әзірге қауіпсіз жерге жеткізілген. Алдағы уақытта ол уақытша оңалту пунктіне орналастырылады.
Қазіргі уақытта сұлтанқұсты алып, қауіпсіз жерге жеткіздік. Енді оны уақытша оңалту пунктіне апарып, мамандар алғашқы тексеру жүргізеді. Құстың жағдайы бағаланып, әрі қарай емдеу мен қалпына келтіру жоспары жасалады, – деді Алина Шарипова.
Қор мамандары әрбір құстың өмірін сақтап қалу өңірдің табиғи байлығын қорғауда маңызды екенін атап өтті. Олардың айтуынша, тұрғындардың дер кезінде хабар беруі жабайы құстарға қажетті көмекті уақытында көрсетуге мүмкіндік береді.
Мамандар Маңғыстау тұрғындарын жабайы құстарға қатысты кез келген жағдайға бейжай қарамауға шақырады. Әсіресе шалғай елді мекендерде жарақаттанған, әлсіреген немесе адам көмегіне мұқтаж жыртқыш және сирек кездесетін құс байқалса, 8 701 820 4439 нөміріне хабарласуға болады.