Маңғыстауда іскер әйелдердің әлеуетін арттыруға бағытталған өңірлік форум өтті
Ақтауда Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының 30 жылдығына арналған «Mangystau Women Forum 2025» форумы өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Форумның мақсаты – әйелдердің кәсіпкерлік ортадағы рөлі мен өңір дамуына қосып келе жатқан үлесін айқындау. Шараға кәсіпкер әйелдер, бизнес-тренерлер, сала мамандары және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында кәсіпкерлік, көшбасшылық, білім, экология, өңір экономикасы және инновациялар салаларындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Спикерлер кәсіп ашу тәжірибесі, бизнесті тұрақты жүргізу, жаңа нарықтарға бейімделу және әйелдердің қоғамдық бастамаларға қатысуының маңыздылығы жөнінде пікір білдірді. Сонымен қатар қатысушылар үшін практикалық бөлім ұсынылды. Мастер-класстарда бизнес үдерістерін тиімді басқару, серіктестік орнату мүмкіндіктері, цифрлық сервистерді қолдану және жасанды интеллектті кәсіпте пайдалану тәсілдері көрсетілді.