Отпан тауда «Салбурын – 2025» этнографиялық іс-шарасы өтті
Отпан тауда құсбегі Ертіс Есжановтың құрметіне арналған «Салбурын - 2025» этнографиялық іс-шарасы өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Ертіс Есжанов - өңірдегі саятшылық өнердің дамуына үлкен үлес қосқан тұлға, суретші. Дәстүрлі шара 2013 жылдан бері өңірлік мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Отпан» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының ұйымдастыруымен өткізіліп келеді. Биылғы саятшылық сайыста 16 құсбегі сынға түсті.
Кәсіпорынның бөлім меңгерушісі Жомарт Айдарбектің айтуынша, этнографиялық іс-шара салт-дәстүрмен сабақтаса ұйымдастырылып отыр.
Құсбегіліктің өзі о баста ауылды, елді асырау үшін кәсіп ретінде басталған. Бір рулы елді бір бүркіт асыраған деген аңыз бар. Кейін оны сал-серілер жалғастырып бұл өнерге айналған. Бүгінде саятшылық дәстүрі біздің өңірде біртіндеп дамып келе жатыр. Саятшылық сайыс салт-дәстүрмен сабақтасып жатыр. Атап айтқанда, алғаш түскен аңды ауыл ақсақалының болмаса батагөй қарияның қанжығасына байлайды. Содан кейін томаға тарту деген дәстүр бар. Жаңадан құсбегілікті меңгеріп жүрген жастарға томаға беріледі. Мақсат - мылтықсыз аңшылықты насихаттау, дамыту, - деді Жомарт Айдарбек.
Ақтөбе қаласынан келген құсбегі Мейірбек Шәкенов саятышылықтың бекзат өнер екенін жеткізді.
Құсымның аты - Балапан. Сайысқа алғаш рет қатысып отыр. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. «Тасын түртсең ,тарихы сөйлейтін» маңғаз өлке Маңғыстауда құс ұшыру мен үшін үлкен мәртебе. Қазақтың рухымен үндес саятшылық өнер дами берсін, - деді Мейірбек Шәкенов.
Сайыс қорытындысына сәйкес қаршығашылар арасында І орынға Мерей Асылжан, ІІ орынға Ержан Сахарбай, ІІІ орынға Алсейт Жардем ие болды.
Ал қыран құспен аң аулау арасында І орынды Жаңабай Кемелханов, ІІ орынды Елдос Аязбайев, ІІІ орынды Мейірбек Шәкенов иеленді.
Барлық қатысушыларға алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табысталды.