Маңғыстауда үш жаңа өрт сөндіру орталығы ашылды
Маңғыстау облысында өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында үш жаңа өрт сөндіру орталығының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, облыстық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, ардагерлер мен департамент қызметкерлері қатысты.
Алғашқысы – Ақтау қаласында модульдік құрылымы бар жаңа ангарлық өрт депосы. Жаңа нысан Ақтау қаласының төменгі шағынаудандары мен Приморский шағынауданын, сондай-ақ Өмірзақ ауылын, өндірістік және демалыс аймақтарын қамтитын аумаққа қызмет көрсетеді. Жалпы халық саны шамамен 40 мың адам. Депо заманауи техникалармен, жеке құрамға арналған демалыс және тұрмыстық аймақтар, оқу сыныптары, жабдықтар мен арнайы киімді сақтау бөлмелері, диспетчерлік және байланыс жүйелерімен толық жабдықталған. Сондай ақ салтанатты шара барысында өрт депосына екі АНР 150 «Камаз» маркалы өрт сөндіру автокөлі, бір автокран және үш «Skoda Kodiaq» маркалы қызметтік көліктің кілттері табысталды.
Екіншісі – Тұщықұдық ауылында ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттыру мақсатында ашылған жаңа ерікті өрт посты. Бұл нысан Шебір және Қияқты ауылдарына қызмет көрсетеді, онда 3 400-ден астам адам тұрады. Пост заманауи техникамен және 24 сағат бойы қызмет көрсетуге қажетті барлық жағдаймен қамтамасыз етілген. Мұнда 8 өрт сөндіруші қызмет атқарады.
Үшіншісі – Қарақия ауданында Төтенше жағдайлар бөліміне арналған бірегей әкімшілік ғимарат ашылды. Бір қабатты 288 шаршы метр аумақтағы ғимарат қазіргі заманғы стандарттарға сай салынған. Мұнда бөлім басшысы мен инспекторлар кабинеттері, акт залы, азаматтарды қабылдау бөлмесі қарастырылған. Жаңа ғимарат Қарақия ауданында азаматтық қорғау жүйесін нығайтуға, қызмет сапасын арттыруға және тұрғындарға заманауи жағдайда қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Аудан халқы шамамен 38 400 адамды құрайды.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жаңа нысандардың ашылуы өңірдегі өрт қауіпсіздігін айтарлықтай күшейтетінін, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты мақсат деп санайтынын атап өтті.
Бүгінгі үш жаңа өрт сөндіру орталығының ашылуы – өңірдің өрт қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған маңызды қадам. Жаңа нысандар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге және қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – азаматтарымыздың қауіпсіздігін қорғау және өңірдегі азаматтық қорғау жүйесін одан әрі нығайту, – деді Нұрдәулет Қилыбай.