Түпқарағанда білім саласының ардагері құрметті зейнетке шықты
Түпқараған ауданы аумағында ұзақ жыл білім саласында табысты еңбек етіп, 2014–2026 жылдары Ақшұқыр мектеп-лицейін басқарған Қаламқас Қалиқызының құрметті зейнет демалысына шығуына арналған салтанатты кеш өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, тағылымды шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Құралай Газимова, аудан әкімі Ержан Күмісқалиев, сондай-ақ ардагер ұстаздар, әріптестері мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев құттықтау сөз сөйлеп, аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбайдың арнайы лебізін жеткізіп, ықылас гүлін табыстады. Жиын барысында Қаламқас Қалиқызының өңірдегі білім беру ісін дамытуға қосқан үлесі мен нәтижелі басқарушылық қызметі ерекше аталып өтті.
Салтанатты кеште мектеп ұжымы мен шәкірттері ардагер ұстазға алғыс білдіріп, арнау өлеңдер оқыды. Әсем әндер шырқалып, оның еңбек жолын баяндайтын деректі фильм көпшілік назарына ұсынылды.
Қаламқас Қалиқызы жетекшілік еткен жылдары Ақшұқыр мектеп-лицейі бес мәрте республикалық «Үздік олимпиадалық ауыл мектебі» және екі рет облыстық «Орта білім беретін үздік ұйым» атағын иеленді. Білім ордасынан «Үздік педагог» төсбелгісінің иегерлері мен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы» атағына ие болған мұғалімдер шықты. Сонымен қатар жеті мектеп директоры тәрбиеленіп, республикалық және халықаралық байқауларда топ жарған білікті педагогтер қалыптасты.
Кеш соңында мектеп ұжымы Қаламқас Қалиқызына ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін алғыс айтып, алдағы өміріне зор денсаулық пен толағай табыс тіледі.