Руслан Есатов «Каспий» клубына қайта оралады
Ақтаудың «Каспий» футбол клубы маусымның шешуші кезеңі қарсаңында бапкерлер штабын күшейтпек. Бұл туралы AmanVIBE мәлімдеді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Дереккөздің мәліметінше, командаға отандық маман Руслан Есатов қосылып, бас бапкердің көмекшісі қызметін атқарады.
41 жастағы маман үшін бұл – «Каспийге» қайта оралу болғалы отыр. Өткен маусымда дәл Руслан Есатовтың жетекшілігімен ақтаулық клуб Бірінші лигада сенімді өнер көрсетіп, чемпион атанып, Қазақстан Премьер-лигасына жолдама алған болатын.
Сәтті маусымнан кейін Есатов дербес бапкерлік жолын жалғастырып, «Тараз» клубының тізгінін ұстады. Алайда биылғы чемпионат барысында қызметінен кетті.
Айта кетейік, Қазақстан Премьер-лигасының биылғы маусымында «Каспий» 19 матчтан кейін 21 ұпай жинап, турнирлік кестеде 10-орында тұр.