Маңғыстау облысында «Таушық – Шетпе» жолы жаңғыртылып жатыр
Маңғыстау өңірінде көлік инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы ауқымды жұмыстар жалғасып жатыр. Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жұмыс сапары кезінде республикалық маңызы бар «Таушық – Шетпе» автожолының учаскесіне жасалып жатқан орташа жөндеу жұмыстарын тікелей барып көрді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Бұл маңызды жоба өңірдегі жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, елді мекендер арасындағы қатынасты едәуір жақсартуға бағытталған.
Жалпы ұзындығы 70 шақырымды құрайтын (91-ші және 161-ші шақырымдар аралығы) жол учаскесінде қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Жоба аясында жол төсемін кешенді түрде жаңарту, екі қабатты асфальтбетон жабынын төсеу, жол жиектерін нығайту, сондай-ақ қиылыстар мен қосылатын учаскелерді ретке келтіру көзделген.
Бүгінгі таңда нысанда күн сайын 39 арнайы техника мен 72 жұмысшы жұмылдырылып, қалыңдығы 7 сантиметр болатын ірі түйіршікті асфальтбетоннан жасалған төменгі қабат 44,6 шақырым жолға төселді. Сонымен қатар тағы 41,5 шақырым жол учаскесінде де тиісті жұмыстар атқарылды.
Өңір басшысы сапалы жол – халықтың әл-ауқаты мен экономикалық дамудың негізгі арқауы екенін айтты.
«Автомобиль жолдарының сапасы – халықтың өмір сүру сапасы мен өңірдің бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші. Құрылыс жұмыстарының әрбір кезеңі қатаң бақылауда болуға тиіс. Технология талаптарын мүлтіксіз сақтап, нысанды белгіленген мерзімде сапалы етіп тапсыру қажет», – деп атап өтті Нұрдәулет Қилыбай.
Бекітілген кестеге сәйкес, автожолды толық жөндеуден өткізу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтап, жаңартылған жол учаскесін 2027 жылы толықтай пайдалануға беру жоспарланып отыр.