Маңғыстауға үш айдың ішінде 4 мыңнан астам шетелдік турист келді
Соңғы жылдары Маңғыстау облысы отандық және шетелдік саяхатшылардың ең жиі таңдайтын бағыттарының біріне айналып, өңірдегі туристік әлеует қарқынды дамып келеді. Туристік ағынның артуына байланысты өңірде инфрақұрылым жанданып, инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Көлік қатынасының қолжетімділігі кеңейтіліп, өңірдің әлеуетін халықаралық деңгейде ілгерілету бойынша жұмыстар жалғасып келеді. Бұл туралы Маңғыстау облысының туризм басқармасының басшысы Мәншүк Қабдықызы баяндады, деп жазады otpannews.kz.
2026 жылдың бірінші тоқсанында облыстағы орналастыру орындары 67,8 мың туристке қызмет көрсетсе, соның ішінде 4 мыңнан астамы – шетелдік қонақтар. Қазіргі таңда өңірде 23 туроператор қызмет атқарып, саяхатшыларға арналған 256 туристік маршрутты ұсынып отыр.
«Туристер үшін көлік қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Ақтау халықаралық әуежайы арқылы бүгінде 10 ішкі және 15 халықаралық бағыт бойынша тұрақты рейстер орындалып, соңғы жылдары Қытай, Иран және Грузия бағыттарына жаңа халықаралық рейстер ашылды. Сонымен қатар мемлекет тарапынан ішкі туризмді ынталандыру мақсатында Ақтау – Қарағанды, Ақтау – Түркістан және Ақтау – Көкшетау бағыттары бойынша әуе рейстері субсидияланып, 6 ішкі және 2 халықаралық теміржол қатынасы тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді»,- деді Мәншүк Қабдықызы.