Маңғыстаудағы республикалық маңызы бар автожолдарда ауыр жүк көліктері тәулік бойы тексеріліп жатыр
Маңғыстау облысында жазғы маусымда ауыр жүк көліктеріне қойылатын шектеуді бұзған жүргізушілерге айыппұл салынып жатыр. Бүгінге дейін талапты елемеген тасымалдаушыларға 14 әкімшілік хаттама толтырылып, 2 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілген, деп хабарлайды otpannews.kz.
Облыстық Көліктік бақылау инспекциясының мәліметінше, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын сақтау мақсатында ауыр жүк көліктеріне жаз мезгілінде уақытша шектеу енгізіледі.
Ережеге сәйкес, 1 маусым мен 31 тамыз аралығында ауа температурасы +25 градустан жоғары болған кезде, таңғы сағат 10:00-ден кешкі 22:00-ге дейін бір оське түсетін салмағы 9 тоннадан асатын жүк көліктерінің республикалық жолдармен жүруіне тыйым салынады. Бұл талап аптап ыстықта жол жабынының бүлінбеуі үшін енгізілген.
Шектеу халықаралық жүк және жолаушылар тасымалына, тез бұзылатын азық-түлік, қауіпті жүк, гуманитарлық көмек, төтенше жағдайлар қызметі, әскери және құқық қорғау органдарының көліктеріне қолданылмайды.
Қазір республикалық маңызы бар автожолдарда Маңғыстау облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясының мамандары тәулік бойы рейд жүргізіп, ауыр жүк көліктерінің салмағын арнайы таразымен тексеріп жатыр.
Инспекцияның көліктегі бақылау бөлімінің бас маманы Азамат Абдырахмановтың айтуынша, әкімшілік хаттамалар негізінен құм, қиыршық тас, шағыл тас және басқа да инертті құрылыс материалдарын тасымалдайтын өздігінен түсіретін жүк көліктеріне қатысты толтырылған.
Жүргізушілер айыппұл арқаламау үшін заң талаптарын сақтап, рұқсат етілген салмақтан асырмай жүк тасымалдауы қажет. Егер тексеру барысында көліктің салмақтық параметрлері асып кеткені анықталса, алдымен заң бұзушылық рәсімделеді. Артық жүк түсіріліп, талап бұзушылық жойылғаннан кейін ғана көлік әрі қарай жолын жалғастыра алады, – деді Азамат Абдырахманов.