Otpan News Logo

Ақтаулық тігінші эковолонтерлықпен айналысып, мата қиындыларын сәтті пайдаға асырады

|
28.07.2026 16:12
Ақтаулық тігінші эковолонтерлықпен айналысып, мата қиындыларын сәтті пайдаға асырады

Ақтаулық Айдана Жанбосынова эковолонтер болғалы биыл – 8 жыл. Ол қазір “Таза Маңғыстау” акциясына қатысып, қоршаған ортаға пайдалы әдет қалыптастырып келеді. Айдана қолға алған ең пайдалы әдеттің бірі –азық-түлік дүкенінен шығатын пэт пакеттерді жинап, оны қайта өңдейтін орталыққа тапсыру. Otpannews.kz сайтының тілшісі Айданамен арнайы кездесіп, сұхбаттасып келді. 


Айдана Жанбосынова – эковолонтер әрі тігінші. Өзінің айтуынша, табиғат жанашыры ретінде белсенді жұмыс істеуіне түрткі – жер үйге көшу болған. 2019 жылы үйден шыққан қалдықтарды қалай өңдеп, қайда тастасам болады деген сұрақ мазалай бастаған Айдана қоқыс сұрыптау туралы зерттей бастаған. 


«Біз жеке үйге 2019 жылы көштік. Сол кезде үйден шыққан тамақ қалдықтарын, тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау туралы ойлана бастадым. Өзім химик-технолог болғаннан кейін де бұл ақпарат маған қызық еді. Сөйтіп қаладағы қоқыс сұрыптайтын орындарды іздедім. Қазір айналама, жақындарыма осы әдет туралы үнемі айтып отырамын. Өйткені қоғамға өзгеріс енгізу – өзімізден басталады»,- дейді Айдана. 


Расында, оның балалары да анасының осы үлгісін бойларына сіңірген. Ойын алаңындағы қатарластары жерге қоқыс тастаса – Айдананың балалары достарына ескерту жасап, арнайы жәшікке салуын сұрайды. 


Айдана Жанбосынова химик-технолог болып 8 жыл жұмыс істеді, кейін хоббиі тігін өнерін негізгі кәсіп еткен. Эковолонтер қоқысты тек үйде ғана сұрыптамайды. Ол кәсіпте де табиғатқа залалсыз жұмыс істейді. Қалған мата қиындылары мен киім қалдықтарына екінші өмір сыйлайтын тігінші киім реставрациясымен айналысады. 


«Мен ескі киімдерді жаңартып, оларға екінші өмір сыйлағанды ұнатамын. Сән әлемінде «fast fashion» деген ұғым бар, яғни киімдер сәнге тез еніп, тез сұраныстан түсіп қалады. Үлгі сұраныстан түскесін ол қоқысқа айналады, ешкім кимейді. Мен сондай киімдерді түрлендіргенді жақсы көремін»,- деді эковолонтер. 


Айдана мата қалдықтарынан шопперлер мен сөмкелер тігеді. Кең киімді тарылтып, тар киімді кеңейтеді. 


«Бірде ательеге жас қыз келді. Атасынан қалған ескі костюмды тарылтуды сұрады. Сөйтіп қанша жыл бойы киілмеген костюм қайта қолданысқа енді»,- дейді Айдана Жанбосынова. 


Айдананың айтуынша, біздің қоғамға қоқыс сұрыптау мәдениетін үйрену керек. Өйткені кез келген қалдықты өңдеу арқылы екінші рет пайдалана аламыз. 


«Пластикті бөлек, тамақ қалдықтарын бөлек, бөтелкелерді бөлек тастау керек. Пластик бөтелке, пакеттерді таза күйінде сұрыптасақ олардан синтепон, пластик орындық, үстелдер жасауға болады. Оларды өртеп немесе қоқыс полигонына тастағаннан біз пластиктен құтылмаймыз. Оның экологияға залалы – үлкен. Себебі пластиктің толық ыдырауына 500-600 жыл уақыт кетеді, оларды екінші рет өңдеген абзалырақ. Мен үнемі айналама да осыны айта жүремін. Осы үшін үй маңындағы дүкен иесімен келісіп, ол жақтан шыққан пластиктарды, пакеттерді аптасына бір рет алып кетемін. Жиналған қоқыстарды арнайы сұрыптайтын жерлерге тапсырамын»,- деп аяқтады эковолонтер Айдана Жанбосынова.
88
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!