Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеу үрдісі сақталуда
2026 жылғы 29 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда есепті апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатарының бағасы төмендеді.
Апта ішінде картоптың бағасы - 2,8%, қызанақ - 2,4%, алма - 1,9%, қияр - 1,2%, сәбіз, қаймақ және қара шай – 0,2%, сондай-ақ тауық еті, қатты және жартылай қатты ірімшік, майлылығы 2-3% айран - 0,1% арзандады.
Есепті аптада ұн, бірінші сұрыпты ұннан пісірілген бидай наны, жылқы еті, сүйекті сиыр еті, сондай-ақ майлылығы 2,2%-дан 6%-ға дейінгі пастерленген, ультрапастерленген және стерильденген сүт бағасы өзгеріссіз қалды.
Өңірлік бөліністе еліміздің бірқатар қалаларында дефляциялық үрдіс байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағасы Павлодарда – 0,4%, Алматы, Шымкент және Ақтауда – 0,2%, Қонаев пен Қостанайда – 0,1%-ға төмендеді. Астана, Ақтөбе, Жезқазған, Көкшетау, Қарағанды, Қызылорда, Тараз және Түркістан қалаларында бағалар өткен аптаның деңгейінде сақталды.
Республика бойынша қиярдың орташа бағасы бір килограмына 495 теңгені құрады. Ең төмен баға Тараз қаласында тіркелді - бір килограмы 339 теңге.
Ел бойынша картоптың орташа бағасы бір килограмына 275 теңгені құрады. Ең төмен баға Түркістанда тіркелді – бір килограмы 219 теңге.
Республика бойынша І санаттағы жұмыртқаның орташа бағасы (10 дана) 567 теңгені құрады. Ең қолжетімді бағалар Оралда (475 теңге) және Қызылордада (477 теңге) тіркелді.