Бейнеу ауданында төрт ауыл алкоголь сатудан бас тартты
«Айқын нәтиже» жобасын іске асыру аясында Бейнеу ауданы прокуратурасының бастамасымен Есет, Төлеп, Тұрыш және Тәжен ауылдары «Алкогольсіз ауылдар» қатарына қосылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Бұл ауылдарда 2,6 мыңнан астам адам тұрады. Олар қауіпсіз әрі қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыратын жаңа бастаманы қолдады.
Жоба аясында ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлер алкоголь өнімдерін сатудан және тұтынудан ерікті түрде бас тартып, қауіпсіз қоғам қалыптастыруға өз үлестерін қосты.
Тәртіп сақшылары бастама қоғамдық тәртіпті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және алкогольдік масаң күйде жасалатын қылмыстардың алдын алуға, сондай-ақ тұрғындар арасында салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыруға үлкен үлес қосатынын атап өтті.