Маңғыстау облысында Қаржылық мониторинг агенттігінің Батыс өңірлік жас қызметкерлер слеті өз мәресіне жетті
Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен Батыс өңірлік жас қызметкерлер слеті өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Ауқымды іс-шараға Батыс өңіріндегі аумақтық департаменттердің жас қызметкерлері қатысып, кәсіби құзыреттерін жетілдіру, тәжірибе алмасу, көшбасшылық қабілеттерін дамыту және командалық өзара іс-қимылды нығайту мақсатында бас қосты.
Слеттің ашылу рәсімінде Департамент басшылығы қатысушыларға сәттілік тілеп, жас мамандардың кәсіби әлеуетін дамыту, білікті кадрлық резерв қалыптастыру және Агенттіктің корпоративтік құндылықтарын нығайту – басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Слеттің екінші күні қатысушылар алдында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі Төрағасының орынбасары Жеңіс Фарахатұлы Елемесов сөз сөйлеп, жастардың кәсіби дамуына қолдау көрсету, корпоративтік мәдениетті нығайту және білікті кадрларды даярлау Агенттіктің стратегиялық басымдықтарының бірі екенін жеткізді.
Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі, өңірдің құқық қорғау және мемлекеттік органдарының басшылары қатысып, жастардың кәсіби дамуына бағытталған бастамаларға қолдау білдірді.
Екі күндік бағдарлама аясында қатысушылар көшбасшылық қасиеттерді дамытуға, тиімді коммуникацияға, командалық жұмысқа және жеке тұлғалық өсуге арналған тренингтерге, тәжірибе алмасу сессияларына және интерактивті сабақтарға қатысты. Сонымен қатар экономикалық құқық бұзушылықтарды анықтау мен тергеп-тексерудің заманауи тәсілдері, кәсіби қызметте цифрлық шешімдерді қолдану, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру мәселелері талқыланды.
Қызметкерлердің психологиялық дайындығына да ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар үшін «Ықпал ету психологиясы және манипуляцияларға қарсы тұру» тақырыбында тренинг өткізіліп, психологиялық қысымды тану, манипуляцияларға тиімді қарсы әрекет ету, эмоционалдық тұрақтылықты сақтау және кәсіби коммуникация дағдыларын дамыту бағытында практикалық жұмыстар ұйымдастырылды.
Слет аясында қатысушыларға Маңғыстау өңірінің тарихи-мәдени мұрасымен таныстыру мақсатында мәдени-танымдық экскурсия ұйымдастырылып, өңірдің көрікті жерлері мен тарихи нысандары таныстырылды. Бұл бағдарлама өңіраралық достықты нығайтып, қатысушылардың туған жер тарихына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.
Екі күндік іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар бағдарламаның мазмұндылығын, практикалық маңызын және тәжірибе алмасу мүмкіндіктерінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Батыс өңірлік жас қызметкерлер слеті Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің кадрлық әлеуетін дамытуға, корпоративтік мәдениетін нығайтуға, өңіраралық ынтымақтастықты арттыруға және кәсіби білікті, біртұтас жас мамандар командасын қалыптастыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.