Otpan News Logo

Маңғыстауда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық басталды

|
14.10.2026 10:03
Маңғыстауда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық басталды

OTPANNEWS.KZ. - 29 қарашада Қазақстанның барлық деңгейдегі мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Осыған орай Маңғыстау облысының аумақтық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, сайлауды әзірлеу және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары мен округтік сайлау комиссияларының жұмыс кестесі бекітілді.

 

Ақтаудағы Достық үйінде өткен отырысына комиссияның 6 мүшесі қатысты. Отырыс барысында ҚР Президентінің 2026 жылғы 12 қазандағы №1521 «Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» Жарлығына сәйкес мәслихат депутаттарының өкілеттігі тоқтатылғаны айтылды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 13 қазандағы отырысында мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 29 қарашаға тағайындалғаны атап өтілді.

 

Маңғыстау облысының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Елубай Әбілов алдағы сайлауға дайындық жұмыстары белгіленген тәртіппен жүргізілуі керектігін атап өтті.

 

«Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы мәслихат депутаттарының сайлауын әзірлеу және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың үлгі күнтізбелік жоспарын бекіткеннен кейін, өңірлік деңгейде ұйымдастыру жұмыстарын үйлестіру мақсатында тиісті күнтізбелік жоспар қабылданады», - деді Елубай Әбілов.

 

Облыс бойынша сайлау науқанын ұйымдастыруға аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссиялары жұмылдырылады. Жалпы, өңірде 8 аумақтық, 118 округтік және 267 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Олардың құрамында барлығы 2 475 адам бар.

 

Сонымен қатар Маңғыстау облысының аумақтық сайлау комиссиясының №35 және №36 қаулыларына сәйкес, сайлау учаскелерінің шекараларының өзгеруіне байланысты облыстық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша Ақтау қаласындағы бес округ пен Бейнеу ауданындағы екі округтің шекарасы қайта қаралған.

 

Отырыс барысында бірінші мәселе бойынша сайлау комиссиясының хатшысы Камшат Ізбасарова мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын таныстырды. Комиссия мүшелері жобаны бірауыздан қолдап, тиісті жоспарды бекітті.

 

Екінші мәселе бойынша комиссия мүшесі Гүлбаршын Қалданова округтік сайлау комиссияларының жұмыс кестесін ұсынды. Ұсынылған кестеге сәйкес, комиссиялардың жұмыс уақыты сағат 09:00-ден 12:30-ға дейін және 14:00-ден 18:30-ға дейін белгіленді. Бұл мәселе бойынша да қатысушылар бірауыздан қолдау білдірді.

 

Отырыс қорытындысында бекітілген күнтізбелік жоспарды Маңғыстау облысының аумақтық сайлау комиссиясының интернет-ресурсында жариялау және қабылданған қаулыларды аудандар мен қалалардың аумақтық сайлау комиссияларына жолдау тапсырылды. Осылайша, өңірде мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыруға бағытталған дайындық жұмыстарының негізгі кезеңдері айқындалды.

 

51
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!