Маңғыстауда «Реновация» бағдарламасы аясында жаңа тұрғын үйлердің құрылысы басталды
OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстау облысында апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесін шешуге бағытталған «Реновация» бағдарламасы аясында жаңа тұрғын үйлердің құрылысы басталды. Бүгін, 14 қазанда, Жаңаөзен қаласында, Бейнеу ауданының Боранқұл ауылында, Мұнайлы ауданының Маңғыстау ауылында және Қарақия ауданының Мұнайшы ауылында құрылыс жұмыстары бастау алды. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қарақия ауданында өткен салтанатты іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ел ағалары, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты. Рәсім барысында құрылыс алаңдарында арнайы капсула салу рәсімі өткізіліп, жаңа баспаналардың іргетасы қаланды.
Бүгінде Маңғыстау облысында жалпы саны 64 тұрғын үй апатты деп танылған. Аталған үйлерде 1061 пәтер бар. Осы мәселені кезең-кезеңімен шешу мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы 54-ке жуық тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Жоба аясында 1012 пәтерді пайдалануға беру көзделген. Бұл бастама өңірдегі апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесін кезең-кезеңімен шешуге, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы баспанаға қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Салтанатты рәсімде облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай тұрғын үй мәселесін шешудің маңыздылығына тоқталып, құрылыс жұмыстары сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы қажеттігін атап өтті.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайда тұрғындарға баспананың қолжетімді болуы тұрмыс сапасының жақсарғанын білдіретін негізгі көрсеткіш екенін атап өткен болатын. Шынында да, әр отбасы қауіпсіз әрі жайлы баспанада өмір сүруге лайық. Сондықтан жауапты басшылар мен мердігер ұйымдардан құрылыс сапасына ерекше мән беріп, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауы тиіс. Әр нысанның құрылыс барысы бақылауда болады. Құрылыс уақытында аяқталып, тұрғындарымыз жаңа баспаналарына қуанышпен қоныстансын, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Іс-шара барысында Мұнайшы ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерғали Жақсылықов та құттықтау сөз сөйлеп, игі бастаманың ауыл тұрғындары үшін маңыздылығын атап өтті.
Жаңа тұрғын үйлер құрылысының басталуын көптен күткен тұрғындар өз ризашылықтарын білдірді.