16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге кіруі шектеледі
АСТАНА. OTPANNEWS.KZ – Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов Астанадағы «Astana Media Week 2026» медиаапталығында сөз қозғады.
«Бірақ балалар WhatsApp, Telegram және білім алуға қажетті платформалар мен мессенджерлерді әрі қарай да қолдана береді»,- деді вице-министр.
Оның айтуынша, бұл бағыттағы негізгі мәселелердің бірі – пайдаланушылардың жасын анықтау. Осыған байланысты Қазақстан халықаралық тәжірибені ескере отырып, цифрлық платформалармен және шетелдік әріптестерімен бірлесіп, жас ерекшелігін анықтаудың бірыңғай алгоритмін әзірлеуді көздеп отыр.
Қанат Ысқақов балалардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ата-аналардың жауапкершілігі де маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, балалардың интернетті қауіпсіз әрі ашық пайдалануына жағдай жасау – ортақ міндет.
Сонымен қатар вице-министр бұл үдерісті жүзеге асыру барысында балалардың білім беру және басқа да маңызды контентке қол жеткізу құқығы шектелмеуі керектігін айтты. Осы мақсатта барлық мүдделі тараптармен және цифрлық платформалармен бірлескен жұмыс жүргізіледі.
Вице-министр Қанат Ысқақовтың айтуынша, тиісті шаралар әріптестік пен ынтымақтастық негізінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.