Otpan News Logo

Астанада Astana Media Week 2026 медиаапталығы басталды

|
14.10.2026 13:02
Астанада Astana Media Week 2026 медиаапталығы басталды

АСТАНА. OTPANNEWS.KZ – Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Astana Media Week 2026 медиаапталығы басталды. Биыл оныншы рет ұйымдастырылған іс-шара 3 күнге жоспарланған.


Медиаапталық отандық медиаиндустрияны дамытуға, кәсіби байланыстарды нығайтуға және саладағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған. Ауқымды шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының мамандары, журналистер, медиаменеджерлер, халықаралық технологиялық компаниялар мен креативті индустрия сарапшылары қатысып жатыр.


Биылғы медиаапталықтың тақырыбы – «MEDIA. HUMAN. AI: 10 жылдық трансформация. Сенімнің жаңа архитектурасы». Жоспарланған бағдарлама аясында қатысушылар медиа саласындағы өзгерістерді, жасанды интеллектінің журналистика мен контент өндіруге ықпалын, цифрлық платформалардың жауапкершілігін, халықаралық коммуникациялардың дамуын және медиабизнестің жаңа үлгілерін талқылайды.


Іс-шараның алғашқы күні ресми ашылу рәсімімен басталды. Қатысушыларға Қазақстанның медиаиндустриясындағы негізгі өзгерістер мен Astana Media Week тарихына арналған бейнеролик ұсынылды.


Бағдарлама аясында «MEDIA. HUMAN. AI: 10 жылдық трансформация. Сенімнің жаңа архитектурасы» тақырыбында пленарлық сессия өтеді. Оған Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі өкілдері. Сондай-ақ «AI, IT және медиа: жауапкершілік шекарасы» тақырыбындағы технологиялық пікірталаста жасанды интеллект пен жаңа технологияларды медиада қолдану мәселелері қарастырылады.


Медиаапталықтың екінші күні «Үздік баспасөз хатшысы және үздік баспасөз қызметі» марапаттау рәсімімен басталады. Сонымен қатар Қазақстанның ақпараттық саясатының жаңа бағыттарына арналған сарапшылық кездесу өтеді.


Astana Media Week – мемлекеттік, тәуелсіз, кәсіби және жаңа медианың өкілдерін біріктіретін, тәжірибе алмасуға, жаңа идеяларды талқылауға және іскерлік байланыстарды дамытуға мүмкіндік беретін маңызды коммуникациялық алаң.

66
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!