Euronews телеарнасы Маңғыстаудың ЮНЕСКО тізіміне енген бес жерасты мешіті туралы арнайы шығарылым ұсынды
OTPANNEWS.KZ. - Euronews халықаралық телеарнасының «Modern Nomads» бағдарламасы Маңғыстау өңірінің рухани мұрасы мен тарихи құндылықтарына арналған арнайы шығарылымын ұсынды. Бағдарламада ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген бес жерасты мешіті мен оларға қатысты қасиетті орындар туралы баяндалады, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Шығарылымда Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан үпі жерасты мешіттерінің тарихы, сәулеттік ерекшеліктері мен ғасырлар бойы сақталып келе жатқан рухани дәстүрлері қйамтылған. Ерекше табиғи ландшафт аясында орналасқан бұл нысандар Маңғыстаудың тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі саналады.
Бағдарламада өңірдің сопылық дәстүрлерінің қалыптасуы, қасиетті орындардың халық өміріндегі маңызы және олардың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани құндылықтары туралы айтылады. Сондай-ақ шетелдік саяхатшылар мен зиярат етушілердің Маңғыстауға деген қызығушылығы көрсетілген.
Бұдан бөлек, жерасты мешіттерінің сәулеттік ерекшеліктеріне, олардың табиғи жартасқа ойып салынуына және осы нысандарды келер ұрпаққа сақтап қалу бағытындағы жұмыстарға назар аударылған.
Маңғыстаудың бес жерасты мешіті мен оларға қатысты қасиетті орындардың ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енуі өңірдің тарихи және рухани мұрасының халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді. Euronews телеарнасының бұл шығарылымы Маңғыстаудың бірегей мәдени мұрасын халықаралық аудиторияға таныстырып, өңірдің туристік әлеуетін кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.