Otpan News Logo

Маңғыстауда «Құтты шаңырақ» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Маңғыстауда «Құтты шаңырақ» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Маңғыстауда жарты ғасырдан астам уақыт бірге ғұмыр кешіп, ұрпақ тәрбиесінде өнеге көрсеткен отбасылар марапатталды. «Құтты шаңырақ» облыстық байқауында 13 отбасы екі номинация бойынша үздік деп танылды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Байқау «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында Отбасы күніне орай өтті. Жеңімпаздарды таңдағанда отбасының бала санына емес, ерлі-зайыптылардың сыйластығына, бала тәрбиесіне, еңбекке адалдығына және ұлттық құндылықтарды ұстануына мән берілген.


«Алтын шаңырақ» аталымында 50 жылдан астам уақыт отасқан жеті отбасы жеңімпаз атанды. Олардың қатарында Ақтау қаласынан Кержбаумдар, Жаңаөзеннен Жүгенбаевтар, Бейнеу ауданынан Абдуллаевтар, Қарақия ауданынан Карабаевтар, Маңғыстау ауданынан Жұмағалиевтер, Мұнайлы ауданынан Андировтар және Түпқараған ауданынан Бекімовтер отбасы бар.


Солардың бірі – Бейнеу ауданы Төлеп ауылының тұрғыны Баярт Абдуллаұлы. Ол жұбайымен бірге үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде 15-ке жуық немере-жиені бар. Өзі 1979 жылдан бері теміржол саласында еңбек етіп келеді.


Бүгін «Алтын шаңырақ» иегері атанғанымызға қуаныштымыз. Осындай шаралар жыл сайын өтіп тұрса дейміз. Оның кейінгі ұрпаққа берер өнегесі мол. Жастарға айтар кеңесім – ең алдымен ұлттық дәстүрімізді берік ұстану керек. Өсіп келе жатқан ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіріп, оларды отансүйгіштікке, елін, жерін құрметтеуге баулумыз қажет, - деді «Алтын шаңырақ» номинациясының жеңімпазы Баярт Абдуллаұлы.


Ал 25 жылдан астам уақыт бірге тұрған отбасылар «Күміс кереге» аталымында марапатталды. Мұнда Ақтау қаласынан Салтанатовтар, Жаңаөзеннен Қасықбаевтар, Бейнеу ауданынан Мұқановтар, Маңғыстау ауданынан Ундабаевтар, Мұнайлы ауданынан Сағидуллаевтар және Түпқараған ауданынан Өтебалиевтер отбасы жеңімпаз атанды.

Маңғыстау облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлмира Балғожаева байқауға қатысқан отбасыларға алғыс айтты.


Бұл байқауға қатысып, отбасы құндылықтарын дәріптеуге өз үлестеріңізді қосып отырған барша жанұяларға алғыс айтамын. Сіздердің татулықтарыңыз бен өмірлік тәжірибелеріңіз – жастарға үлкен өнеге. Әр шаңыраққа амандық, береке және ұрпақ сабақтастығын тілеймін, – деді Гүлмира Балғожаева.


Жеңімпаз отбасыларға Маңғыстау облысы әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың алғыс хаты мен естелік сыйлық табысталды.

7
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!