Маңғыстаулық журналист Мұқанбетулла Кемер өмірден озды
Түпқараған аудандық «Ақкетік арайы» газетінде ұзақ жылдар бойы бас редактор қызметін атқарған белгілі журналист Мұқанбетулла Кемер өмірден өтті.
Мұқанбетулла Кемер саналы ғұмырын журналистика саласына арнап, Түпқараған ауданының тыныс-тіршілігін, әлеуметтік-экономикалық дамуын және ел өміріндегі маңызды оқиғаларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрақты түрде насихаттауға еңбек сіңірді.
Ол аудандық басылымның қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосып, өңір шежіресін мерзімді баспасөз бетінде қаламымен өрнектеген білікті маман ретінде танылды.
«Маңғыстаумедиа» ЖШС ұжымы марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтады.
Әріптесіміздің журналистикадағы еңбегі, елге деген жанашырлығы мен азаматтық болмысы кейінгі буынға үлгі болып, есімі ел жадында мәңгі сақталады.