Otpan News Logo

Ақтауда есту қабілеті бұзылған балаларға арналған инклюзивті орталық ашылды

|
15.09.2026 21:49
Ақтауда есту қабілеті бұзылған балаларға арналған инклюзивті орталық ашылды

Ақтау қаласында есту қабілеті бұзылған балаларға арналған жаңа «Deaf Center» оқыту және дамыту орталығы ашылды.

Мұнда балалар қосымша білім алып, шығармашылық қабілеттерін шыңдап, жаңа дағдыларды меңгереді, деп хабарлайды otpannews.kz.


Орталықта балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдай қарастырылған. Мұнда білікті логопед, дефектолог, сурдопедагог, АФК мамандары және психологтар жұмыс істейді. Сонымен қатар, балалардың шығармашылық қабілетін ұштау үшін бейнелеу өнері, мүсіндеу, құм терапиясы, тігін және тоқыма үйірмелері жұмыс істейді. Ал спортты сүйетін жеткіншектер каратэ, сурдо-каратэ, таэквондо, би, үстел теннисі, шахмат және тоғызқұмалақ секцияларына қатыса алады. Орталықтың ерекшелігі барлық мамандар ым-ишара (сурдо) тілін жеттік меңгерген.

— Біздің орталық ең алдымен есту қабілеті бұзылған балаларға арнайы қолдау көрсетуге бағытталған. Бала бізге келген кезде сурдопедагог пен сурдодефектологтың көмегін алады. Мамандар баланың сөйлеу тілін дамытуға, дыбыстарды қабылдауына, артикуляцияны дұрыс қалыптастыруына, мимика мен ым-ишараны түсінуіне, адамның ернінен оқуға үйретеді. Сонымен бірге сыртқы ортадағы дыбыстарды қабылдап, айналасындағы адамдардың не айтып жатқанын түсінуге бейімдейді. Бұл баланың қоғамда өзін еркін сезінуіне, қарым-қатынас жасауына және әлеуметтік ортаға бейімделуіне мүмкіндік береді, — деді орталық басшысы Гүлнара Тасболатова.


Орталықтың ашылуына ата-аналардың сұранысы да себеп болған.

— Бүгінде балаларға арналған жалпы білім беру, шығармашылық және спорттық орталықтар бар. Алайда есту қабілеті бұзылған балалардың ерекшеліктерін ескеріп, оларға қажетті бірнеше бағытты бір жерге біріктіретін орталық болған жоқ. Біз осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат еттік. Баланың бір ғана бағытын емес, оның жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін орта қажет екенін ата-аналармен жұмыс барысында анық түсіндік, — деді Гүлнара Тасболатова.

Орталықтың жұмысы бастапқыда сурдокаратэ үйірмесінен басталған. Балалар спортпен айналыса бастағаннан кейін мамандар ата-аналармен тығыз жұмыс жүргізіп, олардың басқа да қызметтерге қажеттілігін байқаған. Осыдан кейін сурдокаратэмен қатар арнайы педагогикалық, шығармашылық және басқа да бағыттарды қамтитын орталық ашу туралы шешім қабылданған.


Осындай орталық ашу жоспарын алғаш болып Ақтау қаласының әкімдігі қолдап, "Кен-Сары" компаниясы қаржылай қолдау көрсеткен.



Бүгінде орталыққа тұрақты түрде 60-қа жуық бала қатысады. Балалар спорттық және шығармашылық қабілеттерін дамытып, жаңа дағдыларды меңгереді және қатарластарымен қарым-қатынас жасауды үйренеді.


Сонымен қатар, орталықта сурдопсихолог қызметін енгізу көзделген. Маман балалардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне, сондай-ақ ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты қалыптастырып, нығайтуға көмектеседі. Алдағы уақытта осындай орталықтарды өңірдің басқа аудандарында да ашу жоспарланып отыр.


3
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!